ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы әскери бөлімінің жауынгері Еділ Тешебаевтың мәйіті кеше, 6маусымда туған жері Түркістан облысы Сарыағаш ауданында жерленді.
Еділ Тешебаевтың мәйітін әскери қызметкерлер әкелген. Олар ата-анасынан кешірім сұрап, 1 миллион теңге көмек ұсынған.
4 маусымда жауынгер Еділ Тешебаевтың "өз-өзіне қол салғаны" туралы хабар тарап, әлеуметтік желілерде "өлер алдында жазған хаты" жария болған еді.
ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз бөлімі де "Еділ Тешебаев өз-өзіне қол жұмсады, алдына ала ақпарат бойынша, суицидтің себебі әскери қызметпен емес, отбасылық тұрмыстық проблемалар болған, құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр" деп хабарлаған.
19 жастағы Еділ Тешебаев былтыр, 2021 жылдың күзінде әскерге алынған. Әскери борышын аяқтауға 3 ай қалған.
Еділ Тешебаевтың әке-шешесі мен туыстары және достары оның өз-өзіне қол салғанына сенбейді, әскердегі әлімжеттіктен өлді деп есептейді. Әкесі Бақыт Алтынбековтің айтуынша, Еділ кейінгі кездері түрлі себептермен ата-анасы мен туған-туыстарынан ақша сұрауды жиілеткен.
Бақыт Алтынбеков бұл жөнінде Еділ Тешебаевтың мәйітін әкелген Бейнеу шекара қызметі бастығының міндетін атқарушы Асқар Аяғановқа сұрақ қойған. Ол қылмыстық іс қозғалғанын, Еділ Тешебаевтың "кейінгі уақытта талып қалып" жүргенін, Ақтау қаласындағы госпитальде емделгенін айтқан.
Анасы Нағима Бірлібайқызы "Еділді қинап өлтірген, өйткені басы қисайып, арқасы мен шаты көгерген" деп санайды.
Еділ Тешебаевтың туыстары мен сыныптастары Еділдің әлеуметтік желіде тараған қоштасу хатын өзі жазғанына сенбейді. Қоштасу хатта Еділ "әскери қызметкерлерді кіналамауды өтініп, отбасындағы кедейлікке шыдамай өмірден кетуге бекінгенін" жазған және хатта жақын туыстарының аты аталған.
Туыстары Тешебаевтың өз-өзіне қол жұмсағанына сенбей, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан іске араласуын сұраған еді. Осыдан кейін Ақорданың баспасөз қызметі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскерде жиілеген адам өлімі жөнінде арнайы комиссия құруды тапсырғанын хабарлаған.
Сәуірде Жамбыл облысындағы әскери бөлімде келгеніне төрт күн болған 18 жастағы Әлібек Қалбай есімді жауынгердің жұмбақ жағдайда қайтыс болған еді. Бастапқыда жауынгердің "таңғы сап кезінде есінен танып қалғаны", артынша мерт болғаны хабарланған. Кейін қорғаныс министрлігі "Әскери қызметшiлер қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу" (ҚК 440-бабы, 4-бөлігі) бабы бойынша іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеген.
Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың қаза болғаны немесе "суицид жасағаны" жайлы ақпарат жиі шығады. Былтыр қазанда Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген жауынгердің "өз-өзіне оқ атып" мерт болғаны хабарланған. Бірақ марқұмның туыстары ресми хабарламаға күмәнмен қараған. Оның алдында көктемде Жамбыл облысында бір жауынгер казарма терезесінен секіріп мерт болды. Сарапшылар әскери бөлімдерде әлімжеттік жиі кездесетінін айтады.
ПІКІРЛЕР