Accessibility links

ҰҚК-ның экс-төрағасы Кәрім Мәсімовті қамау мерзімі тағы да бір айға ұзарды


Кәрім Мәсімовтің ҰҚК төрағасы ретінде Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысып отырған сәті. Нұр-Сұлтан 5 қаңтар 2022 жыл
Кәрім Мәсімовтің ҰҚК төрағасы ретінде Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысып отырған сәті. Нұр-Сұлтан 5 қаңтар 2022 жыл

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қаңтар оқиғасынан кейін тұтқындалған бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті қамау мерзімі тағы да бір айға – 6 шілдеге дейін ұзарды. Бұл ақпаратты ҰҚК мәліметіне сүйенген Inbusiness.kz жариялады.

Кәрім Мәсімовтің бір орынбасары Әнуар Садықұловтың да қамау мерзімі 6 шілдеге дейін, тағы бір орынбасары Дәулет Ерғожинді қамау мерзімі 13 шілдеге дейін ұзарған.

ҰҚК төрағасының орынбасарларына "билікті күшпен басып алмақ болды, қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айыптар тағылған.

Көп жыл бойы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі болған Кәрім Мәсімов 5 қаңтарда қамалған. Ол сол күні Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысқан. Осы отырыста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес төрағалығын өз мойына алғанын және Қазақстанға "халықаралық террористік топ" шабуыл жасағанын мәлімдеген.

8 қаңтарда ҰҚК "мемлекетке опасыздық жасады" деген күдікпен Кәрім Мәсімовтің қамауға алынғанын, 13 қаңтарда "билікті күшпен басып алу" бабы бойынша да іс қозғалғанын хабарлаған.

Наурыз айында ҰҚК "мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және аса ірі көлемде пара алу" баптары бойынша 15 қылмыстық іс қозғалғанын жариялаған еді. Оның ішінде Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары (22 ақпанда тағы бір орынбасары Марат Өсіпов қамалған) аталған.

Бас прокуратура мұнан өзге ҰҚК-нің үш департаментінің басшысы пен полицияның екі департаменті басшысының ұсталғанын мәлімдеген. Оларға "қаңтардағы дүрбелең кезінде ведомство ғимараттарын тастап кетті" деген айып тағылған.

Мамыр айының соңында, Қаңтар оқиғасынан 5 айдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау туралы жарлыққа қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG