Accessibility links

Қырғызстан гендер теңдігі үшін күресетін әйелдер кеңесін Біріккен ұлттар ұйымымен бірге құрып жатыр


Қырғызстанда әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетумен күрес мақсатында әйелдер кеңесі құрылып жатыр. Бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымының Қырғызстандағы тұрақты өкілдігі хабарлады.

Қырғызстанның үш облысының кейбір аудандарында Біріккен ұлттар ұйымының "Жарық нұры" бағдарламасы аясында әйелдер кеңесіне арналған кабинеттер ашылған, онда зорлық көріп, зардап шеккен әйелдер қабылданады.

Ош, Шу және Нарын облыстық әйелдер кеңесі әйелдерге көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылық ауқымы жайлы ақпараттарды халыққа жеткізу туралы жергілікті ұсыныстарды жүзеге асыра бастаған.

"Аймақтарда отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін шешу мен осы мәселе бойынша ағартушылық жұмыстар өзекті болып отыр. Әйелдер кеңесінің рөлін күшейту, гендер теңдігі туралы заңдар, медиация мәселесі бойынша көп жұмыс істелді",- дейді "Жарық нұры" өкілдері.

2020 жылы Еуропа одағы мен Біріккен ұлттар ұйымы Қырғызстан үкіметімен бірлесіп, әйелдер мен қыздарға зорлық-зомбылық көрсетуді тоқтатуға бағытталған "Жарық нұры" бағдарламасын қабылдаған. Бағдарлама БҰҰ агенттіктері мен БҰҰ-ның Қырғызстандағы тұрақты өкілдігі басшылығымен жүзеге асырылады.

2021 жылы WPS рейтингі (Әйелдер қауіпсіздігі индексі) Орталық Азияда Қырғызстан "әйелдерге ең қауіпті ел" деп көрсеткен. Қырғызстан рейтингтегі 170 елдің ішінде 97-орында тұрған. Қырғызстаннан кейін Ауғанстан, Сирия, Йемен, Пәкістан және Ирак аталған.

Қырғызстанның бас прокуроры Құрманқұл Зұлышев 2021 жылы Қырғызстан құқық қорғау органдары әйелдерге зорлық-зомбылық жөнінде 9 мың 800 қылмыстық іс тіркегенін мәлімдеген. Оның сөзінше, 5396 қылмыстық іс тоқтатылып, 1728 іс сотқа жіберілген, 2676 қылмыстық әлі де тергеліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG