Accessibility links

Нұр-Сұлтан соты "Соғысқа қарсымыз" деген жазбаны репост жасаған белсендінің апелляциясын қанағаттандырмады


Алматыда өткен Украинадағы соғысқа қарсы митинг. 6 наурыз 2022 жыл.
Алматыда өткен Украинадағы соғысқа қарсы митинг. 6 наурыз 2022 жыл.

Нұр-Сұлтан соты "бейбіт митинг заңын бұзды" деп 10 күнге қамалған белсенді Ғалия Тамабаеваның апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. 7 маусымда судья Қазима Айтқалиева апелляциялық шағымды онлайн-режимде қарады, ал Тамабаева сотқа қатыспады.

Адвокат Гүлшат Дүйсенова соттан Тамабаеваны отырысқа қатыстыруды сұрағанымен, сот бұл өтінішді қанағаттандырмады. Прокурор белсендіні сотқа қосуға техникалық мүмкіндік жоқ деді.

Қорғаушы соттан Тамабаеваны ақтауды, істі тоқтатуды, оны ұстаған полицейге жеке қаулы шығаруды сұраған. Бірақ судья бұл өтініштерді де қанағаттандырмады.

— Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің экстремизммен күрес бөлімшесі Тамабаеваның үстінен репост жасағаны үшін әкімшілік құқық бұзу бойынша хаттаманы 3 наурызда толтырған. Ал оны маусымда соттап отыр. Тамабаеваны референдум қарсаңында сақтық үшін және азаматтық белсенділігі үшін қамады, деді қорғаушы.

Тамабаева наурызда Facebook парақшасында "6 наурызда Қазақстан қалаларындағы әкімдіктердің алдына "Соғысқа қарсымыз" атты митинг өтеді" жеп жазылған жазбаны бөліскен.

3 наурызда әкімшілік сот оған "Бейбіт митинг заңын бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 7- тармағы) деп хаттама толтырған.

51 жастағы Ғалия Тамабаева – саяси тұтқындарды босатуды, адам құқықтарын сақтауды талап еткен митингілерге қатысып, көзге түсіп жүрген белсенді. Ол митингілерге қатысқаны үшін бірнеше рет 5-15 тәулікке қамалған еді.

6 наурызда Алматыда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне қарсы рұқсат етілген митинг өтіп, бұл наразылық шарасына мыңнан аса адам жиналған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG