Accessibility links

Әлемдік қауымдастық Украина қарулы күштеріндегі шетелдіктерге кесілген өлім жазасына алаңдап отыр


Украинаның шығысында өз-өзін тәуелсіз деп жариялаған ДХР "сотының" бейсенбі күні Ұлыбританияның Украина қарулы күштерінде қызмет етіп жүрген екі азаматы мен Марокко азаматын өлім жазасына кескені әлемдік қауымдастық реакциясын туғызды. Батыс саясаткерлері үкімді негізсіз деп санап, қайта қарауды талап етіп отыр.

Донецк соты Ұлыбритания азаматтары Эйден Аслин мен Шон Пиннерді және Марокко азаматы Саадун Брагимді өлім жазасына кескен. Оларға соғысқа "жалдамалы болып келді және билікті қарумен басып алмақ болды" деп айып тағылған.

Ресейден өзге Біріккен ұлттар ұйымының бірде-бір мүшесі ДХР тәуелсіздігін мойындаған емес, сол себепті оның сотының шешімін де мойындамайды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен твиттер парақшасына: "Біз мұндай ойдан шығарылған соттар мен олардың Украина қарулы күштерінде заңды негізде жұмыс істеп жүрген комбатанттарға шығарған үкімдеріне алаңдап отырмыз. Ресей мен ол бақылайтын күштер халықаралық гуманитарлық құқықты, соның ішінде әскери тұтқынға берілетін құқық пен қорғауды құрметтеуге тиіс" деп жазды. Германия сыртқы істер министрлігінің өкілдігі бұл пікірмен келісе отырып, "Ресейдің халықаралық гуманитарлық құқықтың қарапайым принциптерін де орындамайтынына тағы бір дәлел" деп айыптады.

Премьер-министр Борис Джонсонның баспасөз хатшысы сөзіне қарағанда, Ұлыбритания өзінің азаматтарын бостандыққа шығарып алуға тырысады, бірақ Ресеймен емес, Украинамен келіссөз жүргізеді. Жұма күні Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен және қорғаныс министрі Алексей Резниковпен кездескен.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Лиз Трасс Украинадағы әріптесіне телефон шалып, Эйден Аслин мен Шон Пиннерді босатып алу мүмкіндіктерін талқылаған. "Мен оларға шығарылған үкімді үзілді - кесілді айыптаймын, – деді Трасс. – Олар әскери қызметкерлер, мұндай қолдан жасалған сот шешімінің заңды күші жоқ, бұл – Женева конвенциясын тікелей бұзу".

Украина сыртқы істер министрінің кеңесшісі Владимир Денисенко "Ресей Батыспен келіссөз кезінде кепіл ету үшін үш адамды өлім жазасына кесіп отыр" деп есептейді.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров сотталған үшеудің ісін ДХР өз заңына сай қарайды деп мәлімдеді. Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова сотталғандар "Киевтің ұлтшыл режиміне көмектесу үшін Батыстың жіберген жалдамалылары" деп қатайып отыр. Ол Британияға "ДХР-мен" келіссөз жасауды ұсынды.

Өлім жазасына кесілген үш адам да Украина қарулы күштерінде соғысқа дейін-ақ келісімшартпен қызмет етіп жүрген. 48 жастағы британдық Шон Пиннер Украинаға 2014 жылы, 28 жастағы Эйден Аслин 2018 жылы келген. Пиннердің әйелі, Аслиннің қалыңдығы – украин қыздары. 21 жастағы марокколық Саадун Брагим Украина жоғары оқу орнында студент болған. Олар ресми түрде әскери қызметкер болып саналады, сондықтан халықаралық құқық бойынша жалдамалы деуге болмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG