16 ғасырда Қазан хандығын билеген Сүйімбикеге православ белсенділерінің қарсылығына қарамастан Ресейде ескерткіш орнатылды.
Биіктігі үш метр ескерткіш Мәскеудің оңтүстік-шығысына қарай шамамен 250 шақырым қашықтағы Рязань облысының Қасым қаласына 10 маусымда қойылған. Сүйімбике 1577 жылы Қазан хандығының астанасы Қасым қаласына жерленген.
Ескерткіш қазіргі Татарстан республикасы аумағында 7-13 ғасырларда өмір сүрген Еділ Бұлғариясының мемлекеттік діні ретінде ислам дінінің қабылдануына 1100 жыл болғанына орайлас қойылған.
Ескерткішті салтанатты ашу рәсіміне Татарстан вице-премьері Василь Шайхразиев пен Ресей мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Равиль Гайнутдин, Рязань облысы үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Анна Рослякова және татар интеллигенциясы мен ислам дінінің өкілдері қатысқан.
Ресейдің көптеген ультра ұлтшыл топтары Сүйімбикеге ескерткіш орнатуға қарсы болған. Православ ұйымдарының бірнеше жетекшісі президент Путинге ашық хат жазып, ескерткіш орнатуды тоқтатуды сұраған. Олар Сүйімбикені "сепаратист" деп атап, оны Гитлерге және 1940-50 жылдардағы украин ұлтшылы Степан Бендераға теңеген.
Татар интеллигенциясы мен белсенділері Сүйімбике ескерткішін Татарстанның астанасы Қазан қаласына орнатуды көп жыл сұрағанымен Ресей билігі рұқсат бермеген. Ақыры ескерткіш Татарстан аумағынан тыс жерге, Рязань облысына қойылды.
Ресей билігі татар тарихына байланысты кез-келген оқиғаға сақтана қарайды. Татар тарихында орыс ханы Иван Грозныйдың 1552 жылы Қазанды қоршап, хандықты басып алғаны айтылады. Орыс басқыншылығы кезінде татарлар қырғынға ұшырап, кейін бір бөлігі біртіндеп күшпен шоқындырылған.
Кейінгі жылдары Ресей билігі Қазанды қоршау кезіндегі қырғынды еске алуға арналған, жыл сайын өтетін көпшілікке арналған іс-шараларды азайта бастаған.
Сүйімбике мен Қасым хандығы қазақ жазушыларының көркем шығармаларына да арқау болған. Жазушы Мұхтар Мағауиннің "Аласапыран" роман-дилогиясында Ресей әскерінің қолына түскен қазақ сұлтаны - Ораз Мұхаммед Ондан сұлтанұлының Ресей патшасына бағынышты Қасым хандығына билік құрғаны сөз болған.
2019 жылы Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің бастамасымен Ресейдің Рязань облысындағы Қасым қаласына Ораз-Мұхаммед сұлтанға арналған мемориалды ескерткіш тақта орнатылған.
ПІКІРЛЕР