Accessibility links

Оралда тұрғындар үш жыл бұрын сүрілген ескі мектептің орнына жаңасын салуды талап етті


Орал қаласында биліктен жаңа мектеп салуды талап етіп жиналған адамдар.
Орал қаласында биліктен жаңа мектеп салуды талап етіп жиналған адамдар.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында бұрынғы №31 орта мектептің орнына жиналған бір топ тұрғын биліктен жаңа мектеп салуды талап етті. 2019 жылы жергілікті билік ескі мектеп ғимаратын бұзып, орнына жаңасын салу туралы шешім шығарған.

Содан бері үш жыл өтсе де жаңа мектептің құрылысы әлі басталған жоқ дейді наразы тұрғындар.

Балаларымыз көрші аудандағы №34 мектепке барып жүр. Оған жету үшін басын қатерге тігіп темір жолдан өтеді, ол жақта жол жоқ, асфальт төселмеген. Көктем мен күзде батпаққа малшынып, қыста омбылап қар кешеді. Былтыр ең болмағанда балаларға жол салып беруге уәде еткен, бірақ сол күйі орындамады, дейді № 31 мектеп оқушысының әжесі Ирина Сойчик.

Ата-аналардың сөзінше, ескі ғимаратты бұзғаннан кейін, 2021 жылы болашақ құрылыс алаңын қоршап, іргетасын құю үшін үлкен етіп жерді қазып қойған.

Биыл әлдебір плиталар әкеп түсірді, басқа ешқандай жұмыс істелген жоқ. Бұған қоса [құрылыс басында] әлі күнге дейін нысан паспорты ілінген жоқ, сондықтан бұл жерде не салып жатқанын білмейміз, дейді Ирина Сойчик.

Осы уақытқа дейін өздеріне "ешқандай құжат көрсетпегенін" айтқан ата-аналар билік орындары "мектеп салу туралы ойынан айнып қалған жоқ" па деп алаңдайды. Олардың сөзінше, ескі мектеп ғимаратын сүргеннен кейін білім мекемесі жеке тұлғаның меншігіне өтетін болған. Бұған қоса, мектепті реконструкцияға жабардан бұрын оның жанындағы спорт алаңында тоғыз қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы басталған.

Біз енді құр сөзге сенбейміз, бізге уәде еткен мектеп салынатыны туралы құжатты көрсетсін. Бірақ ол құжатты бізге бір де бір рет көрсетпеді. Осындай кездесулерде "бізге келіңіздер, көрсетеміз" дейді де, біз барсақ анда-мұнда сілтеп, діңкелетеді. Үнемі сөйтеді, дейді оқушының анасы Ольга Шевчук.

Қалалық білім бөлімі "300 оқушыға арналған мектеп 2023 жылғы қазан айына дейін салынады, жаңа мектепте барлығына орын жетеді" деп сендіреді. Бұрынғы мектеп ғимаратында 400 бала оқитын.

Қалалық бөлім білім мекемесін жеке меншікке беру себебін бюджетте "мектеп салуға қаржы болмағандықтан" деп түсіндірді.

Инвесторлар салуы тиіс еді, сондықтан құрылыс басқармасы конкурс өткізіп, оны жеке инвестор жеңіп алды, мектепті сол салады. Егер жеке инвестор мектеп салатын болса, кейін сол иелік етеді, дейді Орал қалалық білім бөлімінің жетекшісі Ақжарқын Темірханова.

Ал мектептің қасынан салынып жатқан бірнеше көпқабатты тұрғын үй құрылысына байланысты сауалға білім бөлімінің басшысы "ондай үйлер қала бойынша салынып жатыр" деп жауап берді.

Мектеп ғимаратын салатын фирманың бас директоры Есенжан Шонаев Азаттыққа құрылыс "нысан жоспарындағы өзгеріс және кәсіпкердің қаржысы жоқтығына" байланысты созылып отыр деп түсіндірді. Оның айтуынша, мектеп құрылысын 2023 жылдың қазанына дейін аяқтау үшін банктен несие алғысы келеді.

Қазақстанның бірқатар өңірінде оқушылар жаңа мектепке мұқтаж, құрылыс нысандарын тығыз орналасқан ірі қалаларда мектеп салатын жер жетіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG