Accessibility links

Қазақстан футбол құрамасы Словакия командасын екінші рет жеңді


Словакия қақпасына гол соққан Қазақстан ойыншылары. Нұр-Сұлтан, 13 маусым 2022 жыл. Сурет Қазақстан футбол федерациясы сайтынан алынды.
Словакия қақпасына гол соққан Қазақстан ойыншылары. Нұр-Сұлтан, 13 маусым 2022 жыл. Сурет Қазақстан футбол федерациясы сайтынан алынды.

13 маусымда Нұр-Сұлтандағы "Астана Арена" стадионында футболдан Ұлттар лигасының төртінші туры аясында Словакия командасымен кездескен Қазақстан құрамасы бәсекелесін 2:1 есебімен жеңді.

Ойынның бірінші бөлігінде қазақстандықтар екі гол соқты. Оның алғашқысын Марек Родак қорғаған Словакия командасы қақпасына матчтың 18-минутында Ян Вороговский салды. Ал 39-минутта Елхан Астанов бәсекелестің қақпасына допты баспен соғып кіргізді.

Екінші таймның басында словак футболшысы Матуш Беро Қазақстан қақпасына гол салды. Оның командаласы Юрай Куцка да ойынның аяғына таман Қазақстан қақпасына екінші доп салған еді, бірақ видеоны қайталап көрсететін VAR жүйесі Словакия ойыншылары ереже бұзғанын анықтағаннан кейін, екінші гол есептелмеді.

Мұның алдында Словакия жерінде өткен ойында ол елдің құрамасын 0:1 есебімен жеңген қазақстандық футболшылар тағы да басым түсіп, қазір турнир кестесінде он ұпаймен топ бастап тұр. Екінші орындағы Словакия командасында алты ұпай бар. Үшінші орынға төрт ұпаймен Әзербайжан құрамасы орналасты. Ал әзірге екі ұпай ғана жинаған Беларусь ойыншылары осы топтағы соңғы орында тұр.

Ұлттар лигасының биылғы ойын маусымында Қазақстан құрамасы қазірге дейін төрт ойын өткізіп, оның екеуінде Словакияны жеңді. Әзербайжан командасымен бір рет кездесіп, 2:0 есебімен басым түсті. Беларусь құрамасымен тең ойнады – 1:1.

Қазақстан құрамасы енді 22 қыркүйекте Беларусь футболшыларымен, ал 25 қыркүйекте Әзербайжан компандасымен кездеседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG