Accessibility links

Навальныйды Покровтағы колониядан алып кеткен. Жақтастары оны қатаң режимді түрмеге ауыстыруы мүмкін дейді


Алексей Навальный сотта тұр.
Алексей Навальный сотта тұр.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды Владимирск облысы Покров қаласындағы түзеу колониясынан алып кеткен. Бұл туралы оның жақтастары хабарлады.

"Оған келген адвокат кіреберісте 14.00-ке дейін тұрған, одан кейін қорғаушыға "мұнда ондай сотталушы жоқ" деген. Навальныйды қазір қайда әкеткенін білмейміз" деді оппозиционердің жақтасы Леонид Волков.

Саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш "Навальныйды басқа жаққа ауыстыратыны жайлы адвокатына да, туыстарына да айтпады" деді.

"Оны қатаң режимдегі ИК-6 колонияға ауыстыратыны туралы әңгіме шыққан, бірақ оны шынымен сонда алып кетті ме, білу қиын" деп жазды ол.

Кейін тағы бір адвокат Ольга Михайлова ТАСС агенттігіне Навальныйды алаяқтық және сотқа құрмет көрсетпеу айыптары бойынша үкім күшіне енген соң қатаң режимдегі түрмеге ауыстырғанын айтқан.

"Бүгін Покровтағы колонияда адвокатқа Навальныйды қатаң режимдегі колонияға әкеткенін айтқан. Бірақ қай колонияға кеткенін айтпаған" деді ол.

Навальный 2021 жылдың наурызынан бері Покровтағы колонияда отыр. Ол "Новичок" уланып, Берлинде емделген соң Ресейге оралған сәтте әуежайда ұсталған еді. Кейін сот Навальный уақытында полицияға келіп белгіленбеді деп "Ив Роше" ісі бойынша шартты жазасын түрме жазасына ауыстырған.

Кейін Навальныйды ардагер Артеменконың ар-намысына тиді деп айыптап, тағы да соттаған. Навальный Конституция өзгерісін қолдайтын роликке түскен ардагерді "ақшаға сатылған" деген еді.

2022 жылы Мәскеудегі сот Навальныйды "Жемқорлықпен күрес" қорына бөлінген қаржыны өз керегіне жаратып, алаяқтық жасады және судьяны балағаттады деп айыптап, 9 жылға соттаған.

XS
SM
MD
LG