Accessibility links

Тоқаев мемхатшы қызметін жойып, мемлекеттік кеңесші қызметін ашты. Бұл орынға Қарин тағайындалды


Ерлан Қарин.
Ерлан Қарин.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік хатшы қызметін жойып, оның орнына мемлекеттік кеңесші қызметін ашты. Ал осыған дейін мемлекеттік хатшы болған Ерлан Қарин мемлекеттік кеңесші қызметіне ауысты.

Президент қаулысына сай, мемлекеттік кеңесшіні президент тағайындайды және президентке бағынады.

Мемлекеттік кеңесші президенттің ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарын тұжырымдайды; парламентпен, мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен қатынастарда, халықаралық қарым-қатынастарда президент атынан өкілдік етеді.

Бұдан бөлек, білім, ғылым, мәдениет және спорт мәселелері бойынша қызметтерді; мемлекеттік түрлі комиссиялардың, ұлттық құрылдайтың жұмыстарын үйлестіреді.

Мемлекеттік кеңесші өкім шығаруға; орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге; үкімет отырыстарына және президент жанындағы кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға; өз құзіретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан құжаттарды сұрауға; президент қойған міндеттерді орындау үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

46 жастағы Қарин Қаңтар оқиғасына дейін Тоқаевтың көмекшісі болып қызмет атқарған еді. Қаңтар қырғыны тұсында, 5 қаңтарда Тоқаев Қаринді мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындаған.

25 қаңтарда Тоқаев мемлекеттік хатшы құзіретін кеңейтіп, оған жарлық шығаруға, мемлекеттік органдарға тапсырма беруге, үкімет пен кеңестердің жиынына қатысуға құқық берген. Сарапшылар бұл өзгерістерден соң мемлекеттік хатшының президент аппаратына ықпалы артқанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG