Accessibility links

"Mad Men" тобы мүшелерінің адвокаттары сот үкімі "асығыс" шықты, тергеу кезінде заң бұзылды дейді


Есірткі дайындап, сатқан деген айыппен көп жылға сотталған қазақстандық "Mad Men" q-pop тобы мүшелерінң адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 16 маусым 2022 жыл.
Есірткі дайындап, сатқан деген айыппен көп жылға сотталған қазақстандық "Mad Men" q-pop тобы мүшелерінң адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 16 маусым 2022 жыл.

Көп жылға түрме жазасын алған қазақстандық "Mad Men" q-pop (қазақша поп) тобы мүшелеріне үкім шығарғанда сот "асығыстық" жасады және сотқа дейінгі тергеу кезінде заң бұзылды деп мәлімдеді олардың адвокаттары. 13 маусымда Алматыда Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросында өткен баспасөз мәслихатында заңгерлер "соттардың тергеу орындарының бергеніне ғана сүйеніп айыптау үкімін шығаруы жалғасып келе жатқанын" айтты.

"Mad Men" тобы мүшелері ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында есірткі жасап таратқан деген айыппен сотталған.

Баспасөз мәслихатында сөйлеген адвокат Николай Харченконың сөзінше, құқық қорғау органы қызметкерлері топ мүшелерін қорғануға хақы бар куә ретінде бір айдан астам уақыт құпия пәтерлерде ұстап, "бір-біріне қарсы куәлік етуге мәжбүрлеген".

Оның айтуынша, полиция департаменті ғимаратында күдіктілерді әжетханаға бір-бірден апарып, "көндірген". Жастар тергеушінің кабинетіне оралғаннан кейін үйге босататын шығар деген үмітпен дайын хаттамаға қол қойған дейді адвокат.

Бұған қоса заңгер сот кезінде күдіктілердің соған дейін тергеушілерге "психологиялық қысым болған соң берген" куәлігінен бас тартқанын айтты.

– Сотта жігіттер "тұтынғанымыз рас, бірақ ештеңе дайындаған да, сатқан да жоқпыз" деп айтты. Ол ол ма, айыптау тарабы жауап алған куәлердің ешқайсысы [есірткі] қалай дайындалып, сатылғаны туралы куәлік еткен жоқ. Айыптау жағының куәларының кейбірі алдыңғы берген куәлігінен сот тергеуі кезінде бас тартып, түсіндірді. Сот оған мүлде назар аудармады, – деді Николай Харченко.

Тағы бір адвокат Турахан Низамединова сот үкімі филологиялық білімі жоқ екенін айтқан сарапшының жасаған психология-филологиялық сараптама қорытындысына сүйеніп шығарылғанын айтты. Ал қайтадан сараптама өткізу туралы өтінішті орындаудан сот бас тартты дейді Низамединова. Бұдан кейін сараптама жасаудан мол тәжірибесі бар республикалық сот сараптама орталығының бұрынғы жетекшісін таптық, ол маман мұндай сараптама қорытындысы тергеуге де, сотқа да жарамайтынын айтты дейді адвокат.

– Сот болса, сараптама жасаған сот сарапшысының "бұл жігіттерде ұйымдасқан қылмыстық топ құруға керектінің бәрі бар" деген қорытындысын алға тартып, сарапшының уәжін қабылдамай тастады. Алайда бізді соттың ешқандай күмән білдірмегені таңғалдырды, – деді Турахан Низамединова.

Келесі бір адвокат Тимур Рахим музыкалық топ мүшелеріне Telegram-дағы канал арқылы есірткі сатқан деген айып тағылғанын, бірақ Telegram-дағы ондай хабарлар жас жігіттер тұтқындалғаннан кейін пайда болғанын айтты.

– Сот айыптау сарынында өтті. Заңның өрескел бұзылғаны туралы сөздерді сот ескермеді. Бірақ тергеудің айтқанын назарға алды, – деді Тимур Рахим.

Бұған қоса адвокаттар сот процесі барысында жол берілген өрескел қателіктер ретінде тергеу үй-жайды тінту кезінде есірткі өндіретін заттар деп атаған құрылғылардың сотта көрсетілмегенін; тергеу кезінде бейнежазбаның үзіліп қалғанын; тінтуге куәгер ретінде қатысқандардың сөзіндегі кереғар тұстарды атады.

27 сәуірда Алматының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнаулы соты Mad Men тобының жеті мүшесіне үкім шығарған. Оларға "қылмыстық топ құрып, басқарған, аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтап, сатқан" деген айып тағылған. Сот оларды айыпты деп танып, бір адамды 17 жылға бостандығынан айырды. Үш адамға – 16 жыл, өзгелеріне 15 жыл 3 ай түрме жазасын кесті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG