Ұлыбритания Орыс православ шіркеуінің басшысы, Мәскеу мен күллі Ресей патриархы Кириллды санкция тізіміне енгізді.
Санкция енгізілген адамдарға Ұлыбритания аумағына келуге тыйым салынады және осы елдегі дүние-мүлкі бұғатталады.
Британ билігі бұл шешімді қабылдауына патриарх Кириллдың (Владимир Гундяев) Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдап көпшілікке сан мәрте мәлімдеме жасағаны себеп болды деп түсіндірді.
Кириллға қоса британ үкіметінің санкциясына Украина мен Ресейдің тағы 11 азаматы енгізілген. Олардың арасында Мәскеудің өзі жаулап Украина аймақтарындағы әкімшілікке тағайындаған, ресейлік әскерилермен бірігіп жұмыс істеп жүргендер, Ресей армиясының офицерлері, Мәскеу қалалық думасының депутаты Сергей Савостьянов пен балалар құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белова бар.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін патриарх Кирилл Ресей қорғаныс министрлігінің бас ғибадатханасында діни рәсім өткізіп, Донбасста "метафизикалық күрес" жүріп жатқанын айтып, Украина билігін шіркеуге жік салуды қолпаштап отыр деп айыптаған. Бұған қоса ол Украинадағы соғысқа себептерін атаған кезде, "Донбасстағылар гейлер шеруі өткенін қаламайды" деп мәлімдеген.
Бұған қоса ол Ресей өз тарихында ешкімге ешқашан шабуыл жасамаған деп айтқан.
Маусымның басында Еуропа одағының штаб-пәтерінде Ресейге Украинаға соғыс ашқаны үшін салынған санкциялардың алтыншы бөлігі бекітілген, санкция тізімінің түпкілікті нұсқасына Ресей патриархы Кирилл енбей қалған еді. Оны тізімге енгізуге Венгрия қарсы болды.
ПІКІРЛЕР