Accessibility links

Жаңаөзендік мұнайшылар Тоқаевты 2011 жылы Жаңаөзенде болған қанды оқиғаны қайта тексеруге шақырды


Жаңаөзендік мұнайшылар Нұрлыбек Нұрғалиев пен Мұратбай Жұмағалиев Қазақстан президенті әкімшілігі кеңсесіне жазбаша өтініштерін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 17 маусым 2022 жыл.
Жаңаөзендік мұнайшылар Нұрлыбек Нұрғалиев пен Мұратбай Жұмағалиев Қазақстан президенті әкімшілігі кеңсесіне жазбаша өтініштерін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 17 маусым 2022 жыл.

17 маусымда Нұр-Сұлтандағы Қазақстан президенті кеңсесіне Маңыстау облысы Жаңаөзен қаласынан келген "Өзенмұнайгаз" компаниясының екі мұнайшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанда болған қанды оқиғаны қайта тергеу жайлы жазған хатын тапсырды.

Бұл – жаңаөзендік мұнайшылардың мемлекет басшысына дәл осы талаппен жолдаған үшінші өтініші. Айтуларынша, алғашқы хатқа президент кеңсесінен "сот істі әділ қараған, қайта тексеретіндей тың мәлімет жоқ" деген жауап алған. Ал екінші өтінішке ешқандай жауап келмеген.

Нұр-Сұлтанға Жаңаөзеннен жазбаша өтініш алып келген екеудің бірі – 53 жастағы Нұрлыбек Нұрғалиев. Ол 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде полиция алаңдағы бейбіт адамдарға оқ жаудырған кезде тамағынан оқ тиіп жараланған. Онымен бірге келген Мұратбай Жұмағалиев 2011 жылы Жаңаөзеннің орталық алаңында еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көбейтуді жеті ай бойы талап етіп ереуілде тұрған мұнайшылардың бірі.

– 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде болған қанды қырғынның дұрыс зерттелуіне билік кедергі жасады. Одан соң "Нұрсұлтан Назарбев кетсін" деп он бір жыл күттік. Енді "жаңа Қазақстан жасаймын" деп Тоқаев келді. Осы Жаңаөзен қантөгісінің құпиясы ашылмаған соң Қаңтар оқиғасы болды деп ойлаймын. Өйткені, мемлекет қит етсе халыққа оқ ата салуды, түрмеге тығып, азаптауды әдетке айналдырып алды, – дейді Мұратбай Жұмағалиев.

Жаңаөзен мен Шетпеде 2011 жылы желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері полиция бейбіт адамдарға қарсы қару қолданған.

Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен оқиғасы салдарынан 17 адам қаза тауып, 100-ге тарта адам жараланған. Оқиға куәлары мен құқық қорғаушылар қаза болғандар бұдан да көп деп есептейді.

2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында полицияның халыққа оқ атқанын түсіріп алған әуесқой видеосы:

Жаңаөзен оқиғасы туралы видео
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00
Жүктеп алу

Жаңаөзен оқиғасынан соң "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 37 адам сотқа тартылып, 13 адам 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалды. 21 адам шартты түрде жазаға кесіліп, үш адам толық ақталды.

"Өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен бес полицей 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, кейін бәрі мерзімінен бұрын босап шыққан.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар Батыс елдері Жаңаөзендегі полиция мен арнайы күштердің қатыгез іс-әрекетін сынап, Қазақстан билігінен қантөгіске жол бергендерді әділ түрде анықтап, жазаға тартуды талап еткен.

Бірнеше қазақстандық құқық қорғаушы ұйым да Жаңаөзен оқиғасына байланысты халықаралық деңгейде тәуелсіз зерттеу жүргізу туралы бастаманы қолдап, азаптау туралы арыз-шағымдарды тексеруді талап еткен. Бірақ билік құқық қорғаушылар мен белсенділердің "Жаңаөзен шындығы әлі ашылмай отыр" деген тұжырымымен келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG