Accessibility links

Өзбек сенатының вице-спикері: Конституция өзгерсе, Мирзияевтың алдыңғы мерзімі "нөлге" теңеледі


Садық Сафаев.
Садық Сафаев.

Өзбекстан сенатының вице-спикері Садық Сафаев ел конституциясына енетін өзгерістер мемлекеттің қазіргі басшысы Шавкат Мирзияевтың алдыңғы президенттік мерзімін "нөлге" теңейді деді. Бұл туралы ол Kun.uz басылымына берген сұхбатында айтты.

"Қабылданса, жаңа Конституция барлық азаматқа, соның ішінде қазіргі президентке де сайлауға жаңа Конституция бойынша түсуге мүмкіндік береді. Президент бұл мүмкіндікті пайдалана ма, жоқ па – бұл ең әуелі осы кісінің өзіне және оны ұсынатын партияға байланысты. Бірақ оның мұндай құқығы болады" деді Садық Сафаев.

Вице-спикер сөйте тұра Мирзияевтың үшінші мерзімге барғаны деп дұрыс екенін айтты.

"Егер менің жеке пікірімді сұрасаңыз, біз қазір өте қауіпті әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мен мұны тәжірибеме сүйеніп және халықаралық жағдайды сараптайтын адам ретінде айтып отырмын. Күн сайын күрделеніп барады. Мұның жағымсыз әсері біздің елді айналып өтпейді. Бірақ біз бұған қарамастан реформаларды жалғастыра беруіміз керек. Осы реформаларды бастаған адамның оларды аяғына дейін жеткізуіне жол берілуі керек екеніне сенімдімін. Мен бұл жөнінде кез келген адаммен, кез келген жерде дауласа аламын" деді ол.

Бұл Өзбекстандағы ірі лауазымды қызметкердің конституциялық өзгерістер туралы алғаш ресми пікір білдіруі.

Өзбекстанның да, шетелдің де сарапшылары Мирзияев бастамашыл болған конституциялық өзгерістер шын мәнінде оның президенттік мерзімін ұзартуға арналғанын айтады. Елдің бұрынғы президенті Ислам Каримов тұсында да осылай жасалған. Бірақ Сафаевтың мәлімдемесіне дейін өзбек шенеуніктері өзгерістерді негіздеуде адам құқығына, реформаларды жеделдету ісіне сілтейтін.

Былтыр қазанда екінші мерзімге президент болып сайланған Шавкат Мирзияев әзірге 2026 жылға деген жоспарын айта қоймады. Көрші Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі мерзімнен артық отырмайтынын мәлімдесе, Мирзияев мұндай уәде бермеген.

Сафаевтың бұл мәлімдемесінің алдында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының миссиясы Өзбекстандағы сайлау туралы қорытынды есебін жариялаған еді.

Комиссия сайлау кезінде шынайы бәсекенің болмағанын, жаңа және оппозициялық партиялардың тіркелуіне жол берілмегенін айтқан.

1991 жылы Өзбекстанның президенті болып сайланып, билікте 2016 жылы қайтыс болғанға дейін отырған Ислам Кәрімов барлығы төрт мәрте президент болып сайланды. Ол үшін бірде конституцияны өзгертсе, бірде референдумға жүгінді.

Кейінгі 30 жылда Өзбекстан конституциясы 16 рет өзгерген және әлем бойынша ең жиі өзгеретін заңдар қатарында. Шавкат Мирзияев 2016 жылы президент атанғанға дейін 13 жыл бойы елдің үкіметін басқарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG