Accessibility links

Путин: Батыс өз экономикасын өлтіріп жатыр, ал Ресейдегі ахуал дұрысталып келеді


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

17 маусым күні Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургтегі Халықаралық экономикалық форумда сөз сөйледі. Оның сөзінше, Батыс халықаралық әріптестік үшін маңызды деген түсініктер мен әлемдік валютаға деген сенімді "әдейі бүлдіріп" отыр. Ол Ресейге қарсы санкцияларды "ақылға қонбайды" деп атап, Ресейің өз экономикасын қалыпқа келтіріп жатқанын, ал АҚШ пен Еуропаның керісінше шығынға батып жатқанын айтты. Путин бұл шығынды 400 миллиард долларға бағалады.

Путиннің пікірінше, АҚШ пен Еуропадағы экономикалық құлдырау Украинадағы соғысқа дейін-ақ басталған, "Үлкен жетілік елдерінің ұзақ жылдарға ұласқан жауапсыз макроэкономикалық саясатының" салдарынан туған. Ал Кремль "арнайы операция" деп атап отырған соғысты Батысты құтқару жолы деп атады.

Ресей президенті Украинадағы "арнайы операцияның" одан әрі жалғасатынын, алға қойған міндеттерінің орындалатынын тағы да мәлімдеді.

"Бірполярлы әлемдік тәртіптің дәуірі аяқталды" деді ол Еуроодақты қатаң сынай отырып. Оның ойынша, бұл одақ "саяси егемендігінен түбегейлі айырылған".

Ресей 24 ақпанда Украинаға үлкен күшпен басып кіріп, оны "арнайы операция" деп атады. Бұған жауап ретінде Батыс елдері мен өзге де дамыған елдер Мәскеуге қарсы санкцияларды молынан жариялады. Ал әскери сарапшылар мен барлау қызметтері Ресейдің Украинаны санаулы күнде басып алуды жоспарлағанын, жоспары жүзеге аспай қалғанын айтты. Соғыс әлі жалғасып жатыр. Батыс елдері Ресейге санкция жариялаумен қатар, Украинаға ақшалай және материалдық көмек көрсетіп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG