Accessibility links

Алматыда жұмыскерлердің құқығын қорғауға шақыратын митинг өтті


Алматы көшесінде кетіп бара жатқан адамдар. Көрнекі сурет.
Алматы көшесінде кетіп бара жатқан адамдар. Көрнекі сурет.

Сенбі, 18 маусым күні Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының артында жұмыскерлердің құқығын қорғауға шақыратын митинг өтті. Билік мақұлдаған бұл жиынға алпысқа жуық адам жиналып, олар төменгі жалақыны көбейтуді талап етті. Бұл туралы Vlast.kz басылымы хабарлады.

Басылымның хабарлауынша, митингті "Аманат" кәсіподақтар достастығы, "Азаматтық қорғаныс" қоғамдық бірлестігі" және "Қызыл киіз үй" қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған.

"Біз қаңтар оқиғасының куәсі болдық. Президенттің өзі растағандай, бұл оқиғаның басты себебі Қазақстан халқының, негізінен жұмыскерлердің дәл осы әлеуметтік-экономикалық ахуалының күрт нашарлауы болды. Сол себепті біз ауыр оқиғаның куәсі бола тұра осы митингіге шықтық. Мемлекетке қояр талабымыз: жұмыскерлердің әл-ауқатын жақсартуға қажет шараларды қабылдау, нақтырақ айтқанда Халықаралық еңбек ұйымының төменгі жалақыны дамушы елдерді ескере отырып бекіту туралы 131-конвенциясын ратификациялау. Яғни бізде төменгі жалақы 60 мың теңге болмай, жалақыны есептегенде жұмыскерлер мен олардың отбасыларының әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени мұқтаждықтары ескерілуі керек. Бұл мұқтаждықтарды ескерсек, төменгі жалақы 90-100 мың теңге болуы керек" деп келтіреді Vlast.kz басылымы "Азаматтық қорғаныс" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Ушаковтың сөзін.

Баспасөз құралының жазуына қарағанда, жиналғандар сондай-ақ жұмыс берушілерді инфляцияның шынайы деңгейін ескере отырып жалақыны индексациялап отыруға міндеттейтін заң қабылдауды талап еткен.

Сонымен қатар жиында шағын бизнесті кезектен тыс тексеруге мораторий салған президент жарлығын қайта қарау мәселесі де айтылған.

"Бұл мораторий жұмыскерлердің конституциялық құқығын, атап айтқанда жалақы алуға және дұрыс еңбек жағдайына деген құқығын бұзады. Қазір жұмыскерлер қорғансыз. Сотқа жүгіну не адвокат жалдау көбіне қолжетімсіз. Олар жүгіне алатын соңғы мекеме еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекция, бірақ олар мораторийге сілтеп, ешқандай шара қабылдамайды" дейді Ушаков.

Бұдан өзге де талаптар айтылған. Олардың арасында салық пен несие пайызын азайту, зейнет жасын төмендету мәселелері бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG