Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей билігі ұсынған орденнен бас тартты. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаевтың президенттік мерзімінде отандық және шетелдік наградалардан бас тарту туралы шешім қабылдағанын айтты.
Руслан Желдібай Vlast.kz сайтына берген сұхбатында Тоқаев Александр Невский орденін алудан бас тартты деді. Оның сөзінше, келіскен жағдайда марапат 17 маусым күні Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда берілер еді. Бұл форумға Қазақстан президенті қатысып, Украинаның жікшіл аймақтарын тәуелсіз ел деп мойындамайтынын айтқан.
Александр Невский ордені шетел саясаткерлеріне Ресей Федерациясымен жан-жақты әріптестікті дамытудағы үлесі және оның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал еткені үшін беріледі.
Баспасөз хатшысының сөзінше, мұның алдында Тоқаев Қырғызстанда I деңгейлі "Манас" орденінен де бас тартқан.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 18 маусым күні "Подъем" басылымына берген сұхбатында Ресей Тоқаевты марапаттауды жоспарлаған жоқ деді.
2017 жылы Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның сол кездегі сенатын басқарып тұрған Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей мен Қазақстан халықтары арасындағы "достық пен әріптестікті нығайтуға үлкен үлес қосқаны" үшін "Құрмет" орденін табыстаған.
ПІКІРЛЕР