Accessibility links

NYT: Ресей халықаралық конвенция тыйым салған оқ-дәріні Украинаға жиі қолданған


Кассеталы бомбаның жарылмаған қалдықтарын жинап жүрген украин сапёрі
Кассеталы бомбаның жарылмаған қалдықтарын жинап жүрген украин сапёрі

Ресей әскері Украина қалалары мен елдімекендерін атқылағанда халықаралық конвенциялармен тыйым салынған оқ-дәріні жиі қолданған. Бұл жөнінде өзінің жаңа зерттеулеріне сүйенген The New York Times жазды.

Басылым журналистері Украинағы соғыс барысында түсірілген мыңнан астам фотосуреттерді салыстыра келе, онда қолданылған оқ-дәрілердің басым көпшілігі нысанаға дәл түспейтінін анықтаған. Ондай оқ-дәрілер тұрғын-үй кварталдарына қолданылған. 330-дан астам фотосуреттен оқ-дәрі тұрғын үй ғимараттарының маңына, немесе оған жетпей жарылғаны байқалған. 210 фотодан халықаралық конвенцияларда тыйым салынған оқ-дәрі, нақтырақ айтқанда, кассеталы оқ-дәрі пайдаланылғаны белгілі болған. Бұл оқ-дәрілер әуеде жарылып, жүздеген шаршы метр жерді қамтиды.

Мәтінде адам денесін айрықша жаралайтын ұсақ металл бөлшектері бар оқ-дәрілер туралы сөз болған.

Материал авторлары Украинадағы соғыс кезінде қолданылған тыйым алынған оқ-дәрілер мен қару-жарақтарды пайдалану ауқымы айтарлықтай жоғары деп көрсетеді. Алайда ұрыс қимылдары қазір де жүріп жатқандықтан оны әрі қарай дәлелдей түсу қиын.

Бұған дейін CNN телеарнасының зерттеуі Ресей әскерінің генералы Александр Журавлев ақпанның соңында Харьковті кассеталы "Смерч" қаруымен атуға бұйрық бергенін растаған.

Бұрын Ресей Сирияда кассеталы бомба пайдаланған болатын. Ресей қорғаныс министрлігі мұны теріске шығарғанымен, 2019 жылы Сириядағы ұрыс қимылдарында қолданған қару-жарақтарын көрмеге қойған.

Ресей де, Украина да кассеталы оқ-дәріге тыйым салатын конвенцияға мүше емес.

Кассеталы оқ-дәрілер әуеде жарылып, үлкен аумаққа ұсақ зарядтарды шашыратады. Соның нәтижесінде бейбіт тұрғындар да көп зардап шегуі мүмкін. Кейбір ұсақ зарядтар жерге жарылмай түсіп, көп жылға дейін адам өміріне қатер төндіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG