Accessibility links

АҚШ-тың арнаулы тобы Украинадағы әскери қылмыстарды зерттейді


Ресей әскері атып, көміп кеткен Буча қаласының тұрғындарын қазып алып жатыр. Украина, Киев облысы
Ресей әскері атып, көміп кеткен Буча қаласының тұрғындарын қазып алып жатыр. Украина, Киев облысы

АҚШ Украинадағы әскери қылмыстарды зерттейтін арнаулы топ құрады. Бұл жөнінде 21 маусымда АҚШ-тың бас прокуроры Меррик Гарланд Киевке келгенде айтты. Арнаулы топты әділет министрлігінің қызметкері Эли Розенбаум басқарады. Оны Америкада "нацистердің ізіне түскіш" кәнігі маман деп санайды.

"Әскери қылмыскерлер ешқашан құтыла алмайды", — деді Меррик Гарланд соғыс зардабын шегіп отырған Украинаны қолдап сөйлеген кезде.

Арнаулы топта адам құқығы мен әскери қылмыстарға байланысты істерді зерттеумен шұғылданатын белгілі америкалық мамандар болады. Мұнан өзге, АҚШ Украинаға жемқорлықпен және ақша жылыстатумен күрес жөнінде сарапшы жібермекші. Американың тағы екі маманы Еуропада және Таяу Шығыста жұмыс істейтін болады. Олар сондағы елдерге Ресейдің санкциядан жалтару әркеттеріне қарсы күресуге және санкцияға ілінген Ресей олигархтарының активтерін іздеп, оларды бұғаттауға көмектеседі.

Украинаның бас прокуроры Ирина Венедиктова мұны "маңызды көмек" деп атады. "Өте күшті жауға қарсы шығып отырғанымызды бәріміз түсініп отырмыз", — деді ол.

  • Эли Розенбаум 1994-2010 жылдары АҚШ әділет министрлігінің арнаулы тергеу басқармасын басқарған. Ол нацистік әскери қылмыскерлерді іздестіріп, оларды АҚШ азаматтығынан айыруға қол жеткізген. Британ тарихшысы Гай Уолтерстің есебінше, Розенбаум 100-ден астам нацисті әшкерелеген.
  • Украина Ресей әскери қызметкерлерінің үстінен 16 мың қылмыстық іс қозғаған. Күдіктілер арасында жоғары лауазымды шенеуніктер, саясаткерлер мен әскери қызметкерлер және медиа персоналар бар. Украина бас прокуроры Ирина Венедиктованың сөзінше, олар қазір Ресейде болғандықтан сырттай зерттеп, тергеу механизмдері қолданылады.
  • 23 мамырда Киев соты Ресей әскерінің сержанты, 21 жастағы Вадим Шишимаринді Сумск облысында бейбіт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды. Шишимарин кінәсін толығымен мойындаған.
  • 31 мамырда Полтава облысында Ресей жауынгерлері Александр Бобыкин мен Александр Ивановты сот 11,5 жылға кескен. Оларды 24 ақпанда Ресей әскері Украина жеріне басып кірген күні реактивті "Град" жүйесімен Харьков облысындағы азаматтық нысандарды атқылауға қатысты деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG