Accessibility links

"Шекарасыз тілшілер": фотожурналист Максим Левин Ресей әскерінің қолынан қаза тапқан


Фотожурналист Максим Левин.
Фотожурналист Максим Левин.

"Шекарасыз тілшілер" (RFS) халықаралық құқық қорғау ұйымы жүргізген зерттеу украин фотографы Максим Левин мен оның жолсерігі украин сарбазы Алексей Чернышов Ресей әскерінің қолынан мерт болған және екеуін өлтірер алдында тергеп, азаптаған болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Левин мен Чернышов сәуірдің басында Киев облысынан өлі табылған еді.

Екеуі табылған орманда болған RFS зерттеушілері Украина жағы түсірген суреттер мен заттай айғақтарды талдаған. Журналист мініп жүрген көлікке 14 оқ тигенін анықтаған.

RFS болжамы бойынша, 13 наурызда Левин мен Чернышов көлікпен орманға барған. Левин әуеден фото түсіруге пайдаланған дронды жоғалтып алып, екеуі соны іздеп шыққан. Сол кезде екеуі ресейлік әскерилердің көзіне түсіп қалған.

Өзге бір болжам бойынша, Ресей сарбаздары Левин мен Чернышовты украин әскері деп ойлап, оқ жаудырса керек. Тағы бір болжамда әуелі екеуін тергеп, азаптап, кейін өлтірген болуы мүмкін деп айтылады. Бұдан соң ресейлік әскерилер автокөлік пен екі мәйіттің біреуін өртеген.

Журналист Левин қаза тапқан жерден Ресей сарбаздары болғанын айғақтайтын заттар: әскерилерге арналған тамақ қаптамасы, пластик ыдыстар, ресейлік артиллерияшыларға арналған әскери нұсқаулық табылған. Ыдыс-аяқ қалдығында оны пайдаланған адамның ДНК-сының ізі қалған болуы мүмкін.

RFS бұл қылмысқа сол кезде әлгі аймақта болған Ресей армиясының 106-шы әуе-десант дивизиясы сарбаздарының қатысы болуы мүмкін деп топшылайды. "Шекарасыз тілшілер" ұйымы өздері жасаған зерттеу тұжырымы мен заттай айғақтың барлығын осы істі тексеріп жатқан Украина қауіпсіздік қызметіне берген.

Украинада Ресей басқыншылығы туралы фоторепортаж жасап жүрген 40 жастағы Максим Левин 1 сәуірде Киев облысы аумағында өлі табылған. Ол 13 наурызда шайқас болып жатқан Гута Межигорская ауылына қарай жолға шыққан соң көп ұзамай хабар-ошарсыз кеткен еді. Левиннің қасында бұрынғы фотограф, украин сарбазы Алексей Чернышов бірге жүрген еді.

  • Максим Левин украиналық және халықаралық басылымдармен жұмыс істеген. Олардың арасында LB.UA, Reuters, ВВС, Associated Press бар. Ол түсірген фотоларды The Wall Street Journal, The Moscow Time, Vatican news, Азаттық радиосы және өзге басылымдар жариялаған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский марқұм Максим Левинді "Ерлігі үшін" орденімен марапаттады.
  • Украина билігі мен "Шекарасыз тілшілер" ұйымының мәліметінше, Ресей тұтқиылдан басып кірген 24 ақпаннан бері Украинада 32 журналист қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG