Accessibility links

Жұмысқа орналасуға үкіметтен көмек сұрап келген жаңаөзендіктер Нұр-Сұлтанда қысым жалғасқанын айтады


Полиция арнайы жасағы мінген автобус жаңаөзендік жұмыссыздар уақытша тоқтаған үйдің алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 24 маусым 2022 жыл.
Полиция арнайы жасағы мінген автобус жаңаөзендік жұмыссыздар уақытша тоқтаған үйдің алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 24 маусым 2022 жыл.

24 маусымда Нұр-Сұлтанда уақытша жалдап алған пәтерде түнеп жатқан жаңаөзендіктерге полиция қызметкері мен қала әкімдігінің ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары келіп, дереу Жаңаөзенге кетуін алап еткен. Бұл туралы Азаттыққа Жаңаөзеннен Нұр-Сұлтанға 12 маусымда жұмысқа тұруға үкіметтен көмек сұрап келген азаматтар хабарлады. Олардың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің қабылдауына кіруге талпынып, министрлік үйінің алдына түнеп жүргеніне екі аптаға жуықтады.

– Шырт ұйқыда жатқанбыз. Бірнеше күн далада түнеп әбден қажыдық. Таңертеңгі сегіздің шамасында біреу есік қақты. Ашып едік, бiр әйел адам мен полиция өкілі кірді. Олар бізге: "жиналыңдар, Жаңаөзенге кетулерің керек. Бізге бұйрық түсті" деп өктем сөйледі, – дейді жаңаөзендік Ерлан Өтенов.

Оның айтуынша, келген әйел өзін "президент әкімшілігінің өкілі Ақмаралмын" деп таныстырған. Онымен бірге Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары подполковник Марат Дубаев болған.

Өтеновтың айтқанын басқа жұмыссыздар да қайталады.

Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігінің ішкі саясаn басқармасы бастығының орынбасары Ақмарал Сәбит (үстелдің арғы басында) пен Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Дубаев жаңаөзендіктер уақытша түскен пәтерде отыр. 24 маусым 2022 жыл.
Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігінің ішкі саясаn басқармасы бастығының орынбасары Ақмарал Сәбит (үстелдің арғы басында) пен Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Дубаев жаңаөзендіктер уақытша түскен пәтерде отыр. 24 маусым 2022 жыл.

– Бізді енді көшеге шықсаңдар 15 күнге қамаймыз деп қорқытты. Біз қамалуға дайын екенімізді, бәрібір қонатын жеріміз жоғын айттық. Олар екі полиция автобусы мен арнайы жасақ алып келіпті. Біз Жаңаөзенге қайтудан бас тарттық, – деді Жаңаөзеннен келген жұмыссыз Абзал Төлегенов.

Азаттық тілшісі жаңаөзендіктер уақытша жалдаған полиция өкілімен бірге келген әйел адам – Нұр-Сұлтан қалалық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Ақмарал Сәбит екенін анықтады. Тілші одан неліктен өзін президент әкімшілігіненмін деп таныстырып, жаңаөзендіктерді қаладан шығарып жіберуге тырысқаныны сұраған еді. Бірақ ол мардымды жауап бермеді.

– Ол жерге жаңаөзендік әріптестерімнің өтініш бойынша бардым. [Адамдарды] автобуспен вокзалға жеткізіп тастау үшін, – деген Ақмарал Сәбит басқа сауалдарға жауап бермеді.

Ал полиция подполковнигі Марат Дубаевтың жаңаөзендіктер жатқан пәтерге қандай мақсатпен барғанын анықтау мүмкін болмады. Полиция өкілі телефон тұтқасын көтермеді, ал Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіндегілер оның іс-әрекетін "нақтылаймыз" дегенмен, одан кейін бірнеше рет телефон шалған Азаттық тілшісіне жауап бермеді.

Полиция подполковнигі Марат Дубаев жаңаөзендік жұмыссыздар уақытша тоқтаған пәтерге келіп тұр. Нұр-Сұлтан, 24 маусым 2022 жыл.
Полиция подполковнигі Марат Дубаев жаңаөзендік жұмыссыздар уақытша тоқтаған пәтерге келіп тұр. Нұр-Сұлтан, 24 маусым 2022 жыл.
Полиция арнайы жасағы жаңаөзендік жұмыссыздар уақытша жалдап тұрып жатқан үйдің алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 24 маусым 2022 жыл.
Полиция арнайы жасағы жаңаөзендік жұмыссыздар уақытша жалдап тұрып жатқан үйдің алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 24 маусым 2022 жыл.

Үкімет орындарынан жұмысқа орналасуға жәрдем сұрап, Жаңаөзеннен астанаға арнайы келген 19 адам 12 маусымнан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдына түнеп, министрдің қабылдауына кіруге талпынды. Олармен бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов сөйлесіп, жергілікті билікке сауал жолдайтынын айтқан.

Мұнайға бай Маңыстау өңіріндегі моноқала – Жаңаөзеннен келген жұмыссыз азаматтар бұған дейін президент әкімшілігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бірнеше рет арыз-өтініш жазғанымен оған жауап ала алмағанын айтады.

23 маусым таңертең астанадағы Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі алдында түнеп жатқан жаңаөзендік жұмыссыздарды полиция көлікке салып әкетіп, "қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін адамның заңды талабына бағынбады" (Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 443-бабы) деп айыптап, әрқайсысына 15 мың теңгеден айыппұл салған.

Полиция министрлік алдында қонып жатқан жаңаөзендіктерге айыппұл салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

140 мыңнан астам адам тұратын Жаңаөзенде ең көкейкесті әлеуметтік проблемалардың бірі – жұмыссыздық. Қаңтардың аяғынан бастап қала әкімдігі алдына күнделікті 200-ден астам жұмыссыз адам жиналып, тұрақты жұмыс орындарын, мұнай-газ өңдейтін өндіріс орындарын ашуды талап еткен. Кейін Маңғыстау облыстық әкімдігі арнайы комиссия құрып, қалада 11 мыңға жуық жұмыссыз барын анықтағанын, 500-ге жуық адамды жұмысқа орналастырғанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG