Accessibility links

Ресейде жүк таситын Ил-76 ұшағы құлап, төрт адам мерт болды


50195820
50195820

Ресейдің Рязань өңірінде жүк таситын Ил-76 әскери ұшағы апатқа ұшыраған.

ТАСС агенттігі ұшақта 10 адам, ал Baza басылымы 9 адам болған деп хабарлады. Алдын ала мәлімет бойныша, апат салдарынан төрт адам қаза тауып, қалғаны түрлі дәрежедегі жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

Ұшақ құлаған сәт жазылған видеода оның әуеде өртенгені көрінеді. Вaza мәліметінше, Белгородтан Орынборға ұшып шыққан ұшақ жол-жөнекей Рязаньға жанармай толтырып алуға қонып, қайтадан әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай құлаған. Ақпаратқа қарағанда, әуеде ұшақ қозғалтқышынан өрт шыққан. Жердегілерден ешкім зардап шекпеген.

Ресей қорғаныс министрлігі апатқа ұшыраған әскери-көлік ұшағы екенін растады. Министрлік хабарламасында ұшақтың оқу-жаттығу мақсатымен әуеге көтерілгені айтылған.

"Қозғалтқышта ақау бары анықталғаннан кейін экипаж ұшақты топырақ жерге қондыру туралы шешім қабылдаған" деп жазылған ақпаратта. Жерге қатты қонған кезде ұшақ ішінара бүлінген.

Кейінгі бір аптада Ресей қорғаныс министрлігінің осымен үшінші ұшағы апатқа ұшырады. Сейсенбіде Ростов облысында ресейлік Су-25 ұшағы құлады. Ұшқыш қаза тапты.

17 маусымда Ресей әскери-ғарыш күштерінің тағы бір Су-25 ұшағы Белгород облысында апатқа ұшырады. Катапультті қосып үлгерген ұшқыш аман қалған. Бұл екі апатқа да техникалық ақау себеп болғаны айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG