Accessibility links

Германия сыртқы істер министрі: Ресей "бүкіл әлемді кепілдікке алып отыр"


Украинаның Николаев қаласындағы Ресей әскері атқылағаннан кейінгі астық қоймасы
Украинаның Николаев қаласындағы Ресей әскері атқылағаннан кейінгі астық қоймасы

Украинадан астық әкетуге кедергі жасау арқылы Ресей "бүкіл әлемді кепілдікке алып отыр". Бұл туралы жұма күні, 24 маусымда Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок Берлинде өткен халықаралық азық-түлік конференциясында айтты. Конференцияда әлемде пайда болған азық-түлік дағдарысы талқыланды. Көп ел бұл дағдарысқа төрт ай бұрын Украинаға басып кірген Ресей жауапты деп санайды.

Бербоктың сөзінше, Мәскеу "аштықты саналы түрде құрал етіп пайдаланып отыр". Оның сөзінше, негізінен әлемнің кедей елдерінде 300 миллионнан астам адамға аштық қаупі төніп тұр. Германия сыртқы істер министрі әлем нарығында азық-түлік қымбатшылығы Ресей басқыншылығына дейін климат өзгерісі мен коронавирус індетіне байланысты пайда болғанын мойындады, бірақ оның сөзінше, "Ресей бастаған соғыс - толқынды цунамиге айналдырғанмен тең болады". Бербок Ресей Украина порттарын бұғаттап, астық қоймаларын атқылап жатқанын айтты.

Конференцияда сөйлеген АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де Бербоктің сөзімен келісті. Оның сөзінше, жауапкершілік 25 миллион тоннаға жуық астық жиналған Украина порттарын бұғаттап отырған Ресейге артылады.

Азық-түлік проблемасы жұма күні "Жетілік топ" (G7) елдері сыртқы істер министрлігінің кеңесінде талқыланды. Олар Ресейді Украина инфрақұрылымына шабуылды тоқтатып, астық алып кетуге мүмкіндік беруге шақырды. Мәлімдемеде Украина астығын алып шығудың балама жолдарын ұйымдастыруға күш салып жатқан Еуропа одағының әрекетіне қолдау білдірді. Бербок та Украина астығын қара жермен және өзенмен тасымалдауды жеделдету қажеттігіне тоқталды.

Берлинде сөйлеген БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш, азық-түлікке байланысты қалыптасқан жағдайды "бұрын-соңды болмаған жағдай" деп бағалады, оның сөзінше, биылдың өзінде-ақ кей елдерде аштық болуы мүмкін, ал 2023 жылы жағдай мұнан да ауырлай түспек. Ол Украинадағы соғысты басты себептің бірі, бірақ жалғыз себеп емес деді. Гутерриш сөзінше, БҰҰ соғысушы екі тараптан келіссөз жүргізіп, Украина астығы мен Ресей тыңайтқышын алып шығу мүмкіндіктерін талқылап жатыр.

Ресей билігі қазіргі азық-түлік дағдарысын Украинадағы соғыспен байланысты деп санамайды. Ресей Украинадан астық әкетуге кепілдік беруге дайын екенін, бірақ ол үшін Украина өзінің портын минадан тазартуы қажет екенін айтады.

Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев telegram-арнасында Бербокты сынға алып, мұндай сөзді "Ленинградты 900 күн қоршап, 700 мың адамның қырылуына себеп болған елдің шенеунігінен есту таңғаларлық" деп жазды. 1941-44 жылдары Ленинград қоршауын нацистік Германия әскері қоршауда ұстаған, қазіргі герман мемлекеті – ГФР 1949 жылы құрылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG