Accessibility links

Белсенді Инга Иманбай телефонынан Hermit тыңшылық вирусы табылғанын мәлімдеді


Азаматтық белсенді Инга Иманбай.
Азаматтық белсенді Инга Иманбай.

Тіркелмеген "Демократиялық партияның" лидері Жанболат Мамайдың әйелі, азаматтық белсенді Инга Иманбай телефонынан Hermit тыңшылық бағдарламасын тапқанын мәлімдеді. Ал Lookout Threat Lab зерттеу тобы Қазақстан билігі Hermit бағдарламасын пайдаланғанын айтқан.

"Билік органдары мені италиялық қымбат шпиондық бағдарлама арқылы бақылайды екен. Lookout анти шпиондық бағдарламасы телефонымнан Hermit вирусын тапты. Ақыры аңдиды екенсіңдер, біздің қылмыскер емес екенімізге анық көз жеткізген шығарсыңдар? Жанболатты босатыңдар!" деп жазды ол Facebook парақшасында.

16 маусымда Lookout Threat Lab киберқауіпсіздікті зерттеу тобы Қазақстан билігінің елде адамдарды аңдуға қолданатын Android жүйесіне арналған бағдарлама тапқанын мәлімдеген. Зерттеу тобының мәліметінше, бұл бағдарламаның соңғы нұсқасы 2022 жылы сәуірде анықталған.

Қазақстан билігі Lookout Threat Lab зерттеуі мен Инга Иманбайдың мәлімдемесіне қатысты ештеңе демеді. 27 маусымда үкіметтің баспасөз қызметі Азаттыққа "бұған қай мемлекеттік орган жауапты екенін анықтаймыз" деген еді.

Lookout Threat Lab зерттеуіне қарағанда, Hermit бағдарламасын италиялық шпиондық бағдарламалар жасайтын RCS Lab S.p.A және Tykelab Srl компаниялары дайындаған.

Hermit аудио жазып, қоңырау шалып, телефон нөрмелерін, құрылғының орналасқан жерін, фотоларды, смс хабарламаларды көре алады. Бұл бағдарламанің өзі телефонға смс хабарлама арқылы орнатылады. Зерттеушілер тобы Hermit бағдарламасын Android қосымшасына арналып жасалғанымен айтады және IOS жүйесіне де арналған нұсқасы бар болуы мүмкін деп санайды.

Lookout Threat Lab дерегінше, бұл шпиондық бағдарламаны Қазақстаннан бөлек Сирия, Пәкістан, Чили, Моңғолия, Вьетнам, Мьянма, Түркіменстан қолданған. Зерттеушілер Hermit жұмыс істеу жағынан израильдік Pegasus шпиондық бағдарламасына ұқсас дейді.

Былтыр шілдеде басылымдар Қазақстанда шенеуніктерді (арасында елдің қазіргі президенті Тоқаев та бар), журналистерді, белсенділер мен бизнесмендерді израильдік Pegasus шпиондық бағдарламасымен аңдығанын жазған еді. Зерттеушілердің мәліметінше, Pegasus базасында екі мыңға жуық қазақстандық нөмер болғанын айтқан.

Pegasus Project Қазақстанда бұл аңдуды билік тапсырыс беруі мүмкін деген еді. Ал сол кезде президент әкімшілігі жетекшісінің сол кездегі бірінші орынбасары Дәурен Абаев Pegasus жайлы хабарламаға "бізге дәлелі жоқ ақпаратты ұсынады да, осыған сенуге шақырады" деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG