Accessibility links

Ресей парламентіне "арнайы операция кезіндегі арнайы шаралар" туралы заң жобасы түсті


Шайқас кезінде күйреген ресейлік әскери танкінің қаңқасы жатқан жерден өтіп бара жатқан адам. Залесье елдімекені, Киев облысы, Украина. 12 сәуір 2022 жыл.
Шайқас кезінде күйреген ресейлік әскери танкінің қаңқасы жатқан жерден өтіп бара жатқан адам. Залесье елдімекені, Киев облысы, Украина. 12 сәуір 2022 жыл.

Ресей үкіметі мемлекеттік думаға Ресейден тыс жерлердегі "террорға қарсы және басқа операциялар" кезіндегі "арнайы экономикалық шаралар" туралы заң жобасын енгізді. Құжат Ресей парламенті төменгі палатасының базасында жарияланды.

Онда операция кезеңінде атқарушы билікке арнайы өкілеттік, соның ішінде мобилизациялық әлеуетті уақытша іске қосу және жекелеген өндірісте еңбек жағдайын "жұмыс уақытының белгіленген шегінен асыруға" құзырет беру көзделген.

Бұған қоса компаниялардың тауар сату мен қызмет көрсету бойынша мемлекеттік келісімшартқа отырудан бас тартуына тыйым салынады.

Сондай-ақ, "арнайы шаралар" арасында "мемлекеттік қордағы материалдық құндылықтардан броньды алып тастау және шаралар өткізу" жайлы жазылған. Бірақ оның нақты қандай шаралар екені көрсетілмеген.

Құжаттың түсіндірме бөлігінде заң жобасы қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу аса қажет болып тұрған шақта, мысалы, "Донецк халық республикасы, Луганск халық республикасы (екі сепаратистік құрылым – ред.) және Украина жеріндегі арнаулы әскери операция" кезінде енгізіліп отырғаны айтылған.

Фото және видеоматериалдар бойынша әскери шығындар туралы ақпарат жинаумен айналысатын Oryx талдау жобасының дерегінше, Ресей Украинаға басып кірген 24 ақпаннан бері 4462 әскери техникасынан айырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG