Accessibility links

Атырауда "наразылық өткізген" қарақалпақ азаматтарының ұсталғаны хабарланды


Полиция көлігі. Көрнекі сурет.
Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

1 шілдеде Атырауда алаңға 70-тен астам адам жиналып, рұқсат етілмеген митинг өткізді. Көбі ұсталып, тергеліп, артынша босатылды. Бұл жөнінде Атырау облысы полициясының баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін жергілікті ақпарат агенттіктері Атырауда жұмыс істейтін қарақалпақ азаматтарының ұсталғанын жазған.

"Алаңға шамамен 75 адам жиналған. Рұқсат етілмеген митинг өткізген. Көбі ұсталып, тергеліп, босатылды. Бізде қазір "Мигрант" жедел-профилактикалық шаралары да жүріп жатыр. Сол себепті ұсталғандар арасында Атырау облысында құжатсыз, заңсыз жүрген адамдар да болған. Оларға әкімшілік айыппұл қолданылады ғой. Көбі босатылды, кейбірі сот шешімін күтеді" деді Атырау облысы полициясының баспасөз қызметінің өкілдері Азаттыққа.

Оның айтуынша, ұсталғандар арасында Өзбекстаннан бөлек, өзге ел азаматтары да бар. Ведомство өкілдері өзге сұрақтарды көші-қон қызметіне қою керектігін айтты. Ал Атырау облыстық көші-қон басқармасы бастығының орынбасары Әділжан Жаншин "бар ақпаратты баспасөз қызметі береді" деп Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бермеді.

2 шілдеде Орда.kz сайты Телеграм арнасында Атырауда жұмыс істейтін Қарақалпақстаннан келген жұмысшының видеосын жариялаған. Онда жұмысшы Қарақалпақстанға байланысты наразылықтың бәрін полицияның басып тастап жатқанын айтып, наразылыққа шықпауға үндеген.

Оның сөзіне сенсек, видео 2 шілдеде түнгі сағат 2 шамасында жазылған. Ол өзі сияқты 40 шақты қарақалпақ азаматының полициядан шыққанын айтады, кейбірі сот шешімін күтпек.

Бір күн бұрын Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасының астанасы Нөкісте жүздеген адам ресми Ташкенттің Қарақалпақстанды "егемен" (суверенитет) статусынан айыру жоспарына қарсы және тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов босатуды талап етіп наразылыққа шыққан еді. Өзбекстан билігі шараны "заңсыз" деп атап, сенбіге қараған түні Нөкістегі "демонстрация аяқталды, қоғамдық тәртіп орнады" деп мәлімдеген. Алайда мұнымен бірге полицияның "демонстрацияны күшпен басқаны жөнінде" ақпараттар да шыққан. Қанша адамның ұсталғаны, жараланғаны немесе қаза болғаны белгісіз. Соңғы мәлімет бойынша, Нөкісте әлі интернет байланысы жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG