Accessibility links

Қарақалпақстанның "егемен" мәртебесі өзгермейтін болды. Бірақ бұл мәселе неге қозғалды?


Қарақалпақстанда наразылық Конституция жобасы жарияланғаннан кейін басталған.
Қарақалпақстанда наразылық Конституция жобасы жарияланғаннан кейін басталған.

Конституциялық реформа жариялаған Өзбекстан негізгі заңының жаңа нұсқасында алынып тасталады деген Қарақалпақстанның "егемен" мәртебесі өзгермейтін болды. Наразылықтан соң Қарақалпақстанның Өзбекстаннан "референдум жолымен" бөлініп шығу құқығы да өзгеріссіз қалады.

2 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Нөкіске сапарында Өзбекстан Конституциясындағы Қарақалпақстанның "егемен" мәртебесі өзгертілмейтіні белгілі болды. Елде бір айға дейін төтенше жағдай тәртібі жарияланды.

Нөкіс қаласында 1 шілде күні елдің жаңа Конституциясында ұсынылған мәртебесіне қарсы жаппай наразылық өрістеді. Оған мыңдаған адам жиналды. Қарақалпақстанның өзге де қала, аудан, аймақтарында наразылық талабымен шыққандардың видеосы тараған. Наразылық шарасы полицияның күш қолдануымен басылған. Әзірге ықтимал адам шығыны және қанша адамның қамалғаны туралы хабарланған жоқ. Алайда әлеуметтік желіде Қарақалпақстанның әр жерінен тараған видеоларда жараланған немесе қанға бөккен адамдар байқалады. Қарақалпақстанның ресми билігі бұл оқиғаға "билікті басып алмақ болған", "сыртқы күштердің араласқаны" жайлы хабарлады.

Өзбекстан президенті оқиғадан бір тәулік өткен соң Нөкіске барып отыр. Ол Қарақалпақстан Жокаркы кеңесінде (Жоғарғы кеңес, парламенті) сөз сөйлеген. Президент Мирзияев жергілікті депутаттарға қарата ұсынылған өзгертулерге меңзеп, "өздерің бас болып ұсынып, өздерің қол қойып, өздерің растағансыңдар" деген. Президент Конституцияда Қарақалпақстанға қатысты 70, 71, 72, 74, 75 баптардың бір де біреуі "Қарақалпақ халқы наразы болса, ешқашан өзгермейтінін" айтқан.

ДАУЛЫ БАПТАР

Өзбекстанда Конституцияға енгізілетін өзгертулер жобасы 26 маусымда жұртшылық талқылауына ұсынылды. Ұсынылған жобадағы республиканың жаңа мәртебесі туралы мына баптар айрықша дауға айналды.

Біріншіден, Өзбекстанның қолданыстағы негізгі заңының 70 бабында аталған Қарақалпақстанның "егемен" мәртебесі жаңа нұсқада түсіп қалған. Онда тек "Қарақалпақ республикасы" туралы сөз болады.

Қолданыстағы 70 бап:

Қарақалпақ егеменді Республикасы Өзбекстан Республикасы құрамына кіреді. Қарақалпақстан Республикасының егемендігін Өзбекстан Республикасы қорғайды.

Ұсынылған 70 бап:

Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан Республикасы құрамына кіреді. Қарақалпақстан Республикасы аумағында Өзбекстан Республикасы Конституциясы мен заңнамаларында қарастырылған еркіндік пен барлық құқыққа кепілдік берілген

Екіншіден, қолданыстағы Конституцияның 74 бабында аталған Қарақалпақстанның референдум жолымен Өзбекстан құрамынан шыға алатындығы туралы бап та жаңа конституция жобасында өзгеріп кеткен.

Қолданыстағы 74 бап:

Қарақалпақстан Республикасы Қарақалпақстан халқының жалпы референдумы негізінде Өзбекстан Республикасы құрамынан бөлініп шығатын құқыққа ие.

Ұсынылған 74 бап:

Қарақалпақстан Республикасы өз аумағында Өзбекстан Республикасы Конституциясы мен заңдары, Қарақалпақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарына сәйкес заңнамалық, атқарушылық және сот билігін жүргізеді. Қарақалпақстан Республикасы Жокаркы Кенешінің төрағасы Қарақалпақстан Республикасы жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады.

Өзбекстанның негізгі заңына әуелде 60-дан астам бапқа 177 өзгерту енгізілетіні айтылған. Онда президент билігін қазіргі 5 жылдан 7 жылға ұзарту да көзделген.

СССР КЕЗІНЕН ҚАЛҒАН ЕСКІ ЖАРА

1924 жылы құрылған Қарақалпақстан автономды облысы 1930 жылға дейін Қазақ АССР құрамында болған. Кейін РСФСР қарамағына беріліп, 1936 жылдан бастап Өзбекстан құрамына өткен.

Қарақалпақстан 1990 жылы 14 желтоқсанда, сол кездегі Қарақалпақстан АССР Жоғарғы кеңесі "Қарақалпақстан Республикасының Мемлекеттік Суверенитеті ҳақында Декларация" қабылдады. Онда елдің мемлекеттік мәртебесі "автономиялық республикадан" да жоғарылап субъект түрінде аталады. Анықтай айтқанда, Совет одағы құрамындағы Қарақалпақстан советтік социалистік республикасы (Қарақалпақстан ССР) болып өзгертіледі.

Қарақалпақстанда бұл мәртебе 1990 жылы 26 сәуірде қабылданған "СССР және федерация субъектілері арасындағы өкілеттіктерді айқындау" туралы СССР заңы бойынша қуатталды деп есептеледі.

1991 жылы ақпан айында Қарақалпақстан Жокаркы кеңесінің кезектен тыс 5 сессиясында Дәулетбай Шамшетов осы кеңес басшысы болып сайланады. 1991 жылы мамыр айында Нөкісте Мәскеу, Ташкент арасындағы қатынасты реттеу үшін компартия жиыны өтіп, Мәскеу Қарақалпақстанның мемлекеттік мәртебесін мойындауға келіседі. Кейін Шамшетов президент болып сайланғанымен, бірнеше айдан соң биліктен кетеді.

1992 жылы 9 қаңтарда Қарақалпақстан ССР атауы "Қарақалпақстан Республикасы" болып өзгертіледі. 1993 жылы 9 сәуірде ел Конституциясы қабылданады. Соның алдында Қарақалпақстан – Өзбекстан арасында мемлекеттік шарт бекітіледі. Шартта Қарақалпақстан 20 жыл Өзбекстан құрамында болып, кейін референдум жолымен Өзбекстаннан бөлініп шыға алатыны қуатталады. Референдум жолымен бөлініп шығу құқығының Қарақалпақстанмен қоса Өзбекстан Конституциясында да арнайы баппен бекітілуі осы шарттың негізгі жетістігі болып табылады.

2013-14 жылдары осы мәселені еске салғандар болды. Бірақ оның соңы қудалаумен, қысыммен аяқталатын. Алайда Өзбекстанда конституциялық реформа желеуімен өзгертілмек жаңа Конституция жобасы осы мәселеге қайта қозғау салды.

МИРЗИЯЕВ "ҚАРАҚАЛПАҚСТАН ПЕРЗЕНТІ" МЕ?

Наразылық басталған 27 маусымнан бері Қарақалпақстанда интернет байланысы тұрақсыз. 30 маусым жастар күніне орай Ташкентте президент Шавкат Мирзияевтің қатысуымен пафосқа толы салтанатты рәсім өткен. Өзбекстан президенті сонда сөйлеген сөзінде Қарақалпақстан туралы шашыраңқы сөйлеп, "екі тағдыр – бір ел" болып бірігу "нәтижеге жеткізетінін" айтқан. Оның қандай нәтиже екенін нақтыламағанымен, Мирзияев Арал проблемасын шешу туралы айтып, Қарақалпақстанды дамыту стратегиясы қабылданғанын еске салып өтті. Айтуынша, "Қарақалпақстанның әрбір көшесі мен ауылын дамыту бойынша қаржы бөлінген".

Президент Мирзияев осы жиындағы сөзінде "Мен өзімді тек Өзбекстанның ғана емес, Қарақалпақстанның да перзентімін деп тағы бір мәрте мақтанышпен айтамын" деген.

Қарақалпақстан тұрғындарымен кездескен Шавкат Мирзияев. Қыркүйек, 2021 жыл.
Қарақалпақстан тұрғындарымен кездескен Шавкат Мирзияев. Қыркүйек, 2021 жыл.

Соңынан ол жастарды марапаттауды қарақалпақстандық оқушы, студенттерден бастаған.

Ресми арна тікелей эфирден таратқан жастар күнгі рәсімде арасында ұлттық киіммен немесе тақиямен отырған Қарақалпақ жастарын жиі көрсеткен. Президент сол рәсім кезінде Науаи, Әндіжан облыстары және Қарақалпақстанмен ғана онлайн қосылып, жастарды құттықтаған.

"ҚҰЖАТ ЖҮЗІНДЕ БОЛСА ДА ЕГЕМЕНДІКТІ САҚТАУ"

Ақтауда тұратын қарақалпақстандық белсенді Ниетқали Оразбаевтың айтуынша, қазір наразылар колл-центрларға хабарласып та келіспеушілігін білдіруде. 247 мың азамат наразылығын айтқан, заңгерлер де жұмыс істеп жатыр, - дейді Ниетқали Оразбаев.

Оның айтуынша, 1993 жылдан бері Қарақалпақстан Конституциясы алты мәрте өзгертілген. Жоқаркы кеңестің кейбір өкілдіктері бұған дейін Өзбекстан парламентіне берілген.

– Халық қазіргі мәртебеден айрылғысы келмейді. Мұны жіберіп алсақ, жай "республика" деген неменеге керек?! - дейді Ниетқали Оразбаев Азаттыққа.

Айтуынша, Ташкент билігі соңғы жылдары Қарақалпақстанға әлеуметтік, экономикалық көмек беріп, өзгерістер жасай бастаған. Алайда осындай кезде ел мәртебесінің өзгертілуі туралы сөздің шыққаны қолайлы болып отырған жоқ.

Ниетқали Оразбаев Конституция өзгере қалса, мемлекеттің символикалары сақталғанынан еш пайда жоқ деп санайды.

– Қарақалпақстандықтар ел егемендігін кем дегенде ресми құжат жүзінде болса да сақтап қалғысы келеді, - дейді ол.

Норвегияда тұратын, "Алға, Қарақалпақстан" қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаевтың айтуынша, Өзбекстан Конституциясындағы Қарақалпақстан мәртебесіне өзгергенін көпшілік негізгі заң жобасы жарияланғанда барып білген. Айтуынша, іле-шала Нөкістен басқа Шоманай, Шымбай, Мойнақ аудандарында наразылық шарасы болған.

– Кезінде Ислам Каримов "Үлкен үйге не керек болса, кішкене үйге де сол керек" деп, 20 жылға дейін референдум өткізбеу ұйғарылған еді. Қазір сол мемлекеттік шарттың уақыты өтті. Орнына жаңа келісім де қабылданбады, - дейді Аман Сағидуллаев Азаттыққа

"ӘДЕЙІ ӘРЕКЕТ БОЛУЫ МҮМКІН"

Өзбекстан үкіметінде басшылық қызмет атқарған, қазір Қазақстанда тұратын Сапарбай Жобай Конституцияға енгізілмек өзгертулердің қабылдану-қабылданбауы неғайбіл болғанын айтады.

– Қарақалпақстанның мәртебесі туралы талқылау комиссиясының бұрынғы отырыстарында осы туралы айтылмаған еді. Бұл қоғамның беталысын аңдап көруге бағытталған әдейі әрекет болуы мүмкін, - дейді Сапарбай Жобай.

Оның айтуынша, Қарақалпақстандағы ең күрделі мәселе – экология. Жергілікті тұрғындар Әмудария өзенінің жоғарғы ағысындағыларды экология мәселелері үшін жауапты деп есептейді.

– Алайда Аралға құятын Әмудариядан келетін судың көбін Түркіменстан алып отыр. Оның жартысы далаға ағып кетеді. Егер мемлекеттер өзара келісіп, суды Қарақалпақстанға жеткізсе, Мойнақты өзгертіп, туристік орталыққа айналдырса болады. Қаржы да бөлінген, - дейді Сапарбай Жобай Азаттыққа.

"ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДАҒЫ КӨҢІЛ-КҮЙДІ ЗЕРТТЕМЕЙ ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ"

Орталық Азия бойынша ресейлік маман Аркадий Дубнов Өзбекстандағы Қарақалпақстан мәртебесін өзгерту ықтималдығын Тәжікстандағы соңғы оқиғалармен және Украинадағы жағдайлармен байланыстырады.

– Ташкентте әлдекімдер Тәжікстандағы Таулы Бадахшандағы ащы тәжірибені ескергенді жөн тапса керек. Тәжікстанның жартысына жуығын алып жатқан Таулы Бадахшан, жұмсарта айтқанда Душанбеден өзін сыйлауды талап еткенін білесіздер. Душанбе сепаратизм көрінісі ретінде оны қаталдықпен басып жаныштады. Екінші жағдай Донецкідегі "республикалардың" Украина құрамынан шығуы Еуропа орталығындағы әскери әрекеттерге бастап алып келді. Ташкенттің Донецкідегі "республикалардың" тәуелсіздігін мойындаудан бас тартқаны белгілі. Менің ойымша, Ташкентте осындай әлеуметтік қауіптің алдын алу үшін, әлдекімдер аталған өзгертулерді ұсынса керек. Бұл – Қарақалпақстандағы көңіл-күйді зерттемей жасалған қадам болды. Әлеуметтану тұрғысынан келгенде мұны жасауға болмайтын еді. Әлеуметтануға салсақ, Қарақалпақстанда онсыз да Өзбекстан құрамынан шығуға ешкім дайын емес болатын. Алайда бұл жағдай нақты наразылықтың триггеріне айналып шыға келді. Белсенділер мен халық наразылығына қозғау салды. Бұл құрғақ шөпке шырпы тұтатқанмен бірдей еді, - дейді Аркадий Дубнов Азаттыққа.

Қарақалпақстан республикасы Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарымен шектеседі. Өзбекстан жерінің 40 пайызын Қарақалпақстан алып жатыр. Наразылық кезінде Өзбекстан Қазақстанның Маңғыстау облысымен шектесетін өткізу бекетін жапты. Ресми түрде бұл қадам "ақпараттық жүйенің істен шығуымен" деп түсіндірілген.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG