Accessibility links

Атырауда сот "екі төлқұжаты бар" деп ұсталған Шыңжаң қазағының ісін жапты


Шыңжаңда туған Құштар Кәдіржан онлайн сотқа қатысып отыр. 7 шілде 2022 жыл.
Шыңжаңда туған Құштар Кәдіржан онлайн сотқа қатысып отыр. 7 шілде 2022 жыл.

7 шілдеде Атырау қаласының әкімшілік соты Шыңжаңда туған, бірақ Қазақстан азаматтығын алған Құштар Кәдіржанға қозғалған істі "әкімшілік құқық бұзушылық жоқ" деп тоқтатты.

Алматыда тұратын Құштар Кәдіржан 2 шілдеден Алматыдан Атырауға, 3 шілдеде Атыраудан Амстердам қаласына ұшуы керек болған. Бірақ Атырау халықаралық әуежайында кедендік бақылаудан өтіп жатқанда шекара қызметкерлері оның қолында Қазақстан мен Қытайдың төлқұжаты бар деп рейске жібермеген.

Оның қолында Қазақстан мен Қытайдың төлқұжаты бірдей жүрген еді. Шекарашылар Құштар Кәдіржанның төлқұжаттарын облыстық полиция департаменті көші-қон полициясына тапсырған. Көші-қон полициясы оның үстінен "Қазақстан заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау" бабы бойынша әкімшілік іс қозғаған.

Істі қараған судья Анар Айтжанова Құштар Кәдіржан Қазақстан азаматтығын алған соң басқа елдің азаматтығын алмағандықтан, істе әкімшілік құқық бұзушылық жоқ деп тапты. Прокурор Берікәлі Еңсеп те соттан істі жабуды сұраған.

Әкімшілік кодекстің "Қазақстан заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау" бабында 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (612 мың теңге) айыппұл я Қазақстан аумағынан шығару жазасы қарастырылған.

Құштар Кәдіржан 2017 жылы Қытайдан Алматыға қоныс аударған. Сол жылы оралман мәртебесін, ал 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған.

Облыстық полиция департаменті көші-қон полициясы басқармасының басшысы Әділжан Жаншиннің айтуынша, Құштарға Қазақстан азаматтығы берілген соң ол бір айдың ішінде Қытайдың төлқұжатын тапсыруы тиіс болған.

Ал Құштар Кәдіржан Алматыдағы Қытай консулдығына төлқұжаттан бас тарту туралы өтінішін жазып қалдырғанын, консулдықтағылар "төлқұжатты тапсыратын күнді хабарлаймыз" деп кейін шақырмағанын айтады.

Сотта Құштар да, оның адвокаты Абдула Бақбергенов те Қытай консулдығына барып, төлқұжаттан бас тарту туралы өтініш жазғанын, төлқұжатты тапсыра алмай жүргенін айтты.

Құштар Амстердам арқылы Белград қаласына ұшпақ болған. Алматыда интернеттен Сербияда құрылыста жұмыс барын біліп, жаңа елде уақытша тұрып, жұмыс істеп көргісі келген.

Ол Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы мал базардың маңында тұрғын үйлер салумен айналысады. Өзі Алматы облысы Қарасай ауданында пәтер жалдап тұрады. Енді ол Алматы облысына кері қайтуды не Белградқа баруды ойластырып отыр.

Құштар Алматы-Атырау-Амстердам-Белград бағытындағы ұшу рейсіне билетті бөліп төлеу арқылы сатып алған. Ол Еуропаға ұша алмай қалған соң Атырау-Амстердам-Белград бағытына алған билетінің ақшасын кері қайтарып алғанын айтады.

ҰҚК шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаментінің ақпарат бөліміне жауапты офицері Өмірбат Айтали Азаттыққа "сот оны жазаға тартпай кінәсіз екенін дәлелдесе, бізден еш кедергі болмайды. Қысқасы, елден басқа жаққа шығуға кедергі болмайды" деп жауап берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG