Accessibility links

Жемқорлыққа қарсы агенттік басшысы: Көрсеткіш қуып, кейде жоқ жерден қылмысты ойлап табады


Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жетекшісі Олжас Бектенов.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жетекшісі Олжас Бектенов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жетекшісі Олжас Бектенов 8 шілде күнгі брифинг кезінде жоғары көрсеткіштерге қарамастан елде жемқорлықтың азайғаны байқалмайды деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, сандар мен көрсеткіштер "ауқымды шаруа атқарылғанын" көрсетсе де, "одан шынайы пайда бар ма?" деген сұрақ туындайды.

"Біз құдды ештеңеге мән бермей, тек "әдемі статистика" үшін жұмыс істеп жатқан тәріздіміз. Жемқорлықты жою бойынша жұмыстардың тиімділігін ешқандай көрсеткіш көрсете алмайтындығына сенімдімін" деді Олжас Бектенов.

Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, "сандық бағалауға келгенде" нақты жедел уәкіл жемқорлықты азайтуға мүдделі емес.

"Керісінше, оған белгілі бір деңгейде жемқорлық схемасының болғаны қолайлы. Ол алдағы есепке енгізуге болатын көрсеткіш. Көрсеткіш қуып, кейде жоқ жерден қылмысты ойлап табады. Есептегі әрбір санның артында адам тағдыры, олардың туыстары мен жақындары тұрғаны ұмыт қалады" деді агенттік жетекшісі.

Оның сөзіне қарағанда, әрбір басшы азаматтардың проблемасын шешуге емес, көрсеткіштерге қол жеткізуге басын қатырып жүр.

"Қылмыстық-процестік кодекстегі едәуір өзгертулерге қарамастан қылмысты тіркеу сипаты, есеп беру жүйесі бұрынғыша, совет кезіндегідей қалды. Әлі күнге дейін жұмыс сапасы "көп/аз" принципі бойынша бағаланады. "Не істесең, оны істе, бірақ былтырғыдай көп қылмыс тап" деді Бектенов.

Оның есебіне сәйкес, 2022 жылдың алғашқы жарты жылында 1300-ден астам қылмыс тіркелген. 800 адамның жемқорлығы әшкереленген, 140-ы – түрлі деңгейдегі басшылар.

Қылмыс құрылымының анализіне сүйенсек, қылмыстық топтар, жемқорлық схемалары мен ірі көлемде ақша жымқыру тәрізді қылмыстарға басым көңіл бөлінген.

Тергеу нәтижесі бойынша, сотқа 592 іс жолданған. 357 адам жемқорлық үшін кінәлі деп танылған.

Осыған дейін Қазақстанның құқық қорғау органдары "статистика қуғаны үшін" талай сынға ұшыраған еді.

XS
SM
MD
LG