Accessibility links

Алматы әуежайы "бензин тапшылығы" салдарынан транзиттік рейстерге жанармай құюды тоқтатты


Алматы әуежайы.
Алматы әуежайы.

Алматы әуежайы "авиация бензині тапшылығы" салдарынан техникалық себеппен тоқтайтын рейстерге жанармай құюды тоқтатты. Бұл жөнінде Алматы әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.

"Бензин тапшылығы мен оны жеткізу бойынша қиындықтарға байланысты, тұрақты жолаушылар және коммерциялық жүк рейстері тоқтамас үшін, Алматы халықаралық әуежайы жағдай оңалғанға дейін техникалық себеппен қонатын рейстерге жанармай құюды тоқтатты" деп жазылған Алматы әуежайының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ал Қазақстан энергетика министрлігінің айтуынша, ведомство 3 маусым күнгі жиында Қазақстанның азаматтық авиация комитеті, әуе компаниялары мен әуежайларға шілдеде Павлодар мұнай-химия зауытының жөндеуден өтетіні және жанармай тапшылығын импортпен толтыру мәселесін шешу жөнінде ескерткенін айтты.

Қазақстанда авиа бензин жетіспейтіні жайлы хабар былтыр күзде де тараған. Нұр-Сұлтан әуежайы сол кезде "ірі ресурс иелері мен тасымалдаушылар авиаотынды уақытында жеткізбегендіктен"әуе тасымалы тоқтап қалуы мүмкін екенін ескерткен.

Энергетика министрлігі сол кезде де әуежайлар мен әуе компаниялары "авиабензинмен қамтамасыз ету мәселесін алдын ала өз бетімен шешуі тиіс" деп мәлімдеген.

Алматы әуежайы көптеген шетел жүк ұшақтарына қызмет көрсетеді. Олар Қазақстанға жолшыбай жанармай құйып алу үшін қонады. 2022 жылы Ресей көптеген әуе компанияларына әуе кеңістігін жапқаннан кейін олардың саны артқан.

XS
SM
MD
LG