Қарақалпақстанмен шекарада қалған қазақстандықтардың барлығы еліне оралды. 8 шілдеде астанада баспасөз жиынын өткізген Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саидикрам Ниязқожаев осылай деп мәлімдеді.
Шілде айының басында Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанда жаңа Конституция жобасына қатысты наразылық тұтанған шақта ондаған Қазақстан азаматының еліне өте алмай қалғандығы хабарланған еді.
"3-5 шілде аралығында өткізу пунктінде болған Қазақстан азаматтарының барлығын жібердік, яғни олардың барлығы еліне оралды. Олардың арасында әйелдер де бар. Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Самарқан қаласындағы бас консулдығы жақсы жұмыс істеді. Олармен тығыз байланыс орнатқанбыз. Барлық мәселені жедел тәртіппен шешеміз" деді Ниязқожаев.
Ол Өзбекстанда ұсталғандардың арасында Қазақстан азаматтары бар ма деген сұраққа тергеу құпиялылығын алға тартып, нақты жауап бермеді.
Жұма күнгі жиын кезінде елші Қарақалпақстандағы оқиға туралы "жеке күштер елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты" деп Ташкенттің мәлімдемесіне ұқсас тұжырымды қайталады.
Саидикрам Ниязқожаев әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, Қарақалпақстан азаматтарын алаңдатып отырған заңгер әрі блогер Дәулетмұрат Тәжімұратов пен журналист Лолагүл Қаллыхановаға қатысты Азаттық қойған сұрақтарға да жауап берді. Бірақ олардың атын атамауға тырысты.
– Сіз атаған бірінші фамилия туралы - ол Өзбекстанның ақпарат тарату туралы заңын бұзды. Ол әлеуметтік желілер арқылы елді митинг өткізуге шақырды. Бұл туралы видеолар, фактілер бар. Екіншісі туралы ештеңе айта алмаймын. Егер "олар тірі ме" деген сұрақ сізді қызықтырса, олар тірі, Қарақалпақстанда, Өзбекстан аумағында. Тергеу жүріп жатыр. Бұл сауалды әcірелемейік, - деді ол.
Елші "қарусыз халыққа оқ атуға бұйрық берілді ме?" деген сауалға "қарусыз адамға ешкім оқ атпайды, ол қызметтегі адамдардың орынды әрекеті" деп қысқа қайырды.
Қазір Қарақалпақстанда 2 тамызға дейін төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілген. Интернет әлі толық қосылған жоқ.
Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық білдірген. Ресми мәліметке сай, 18 адам қаза болған, 516 адам ұсталған. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау орган өкілі. Сол күні Өзбекстан парламенті Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады. Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеді.
ПІКІРЛЕР