Accessibility links

Кремльдің Нұр-Сұлтанды "жазалауы" және Құлыбаевтың "құрылысы аяқталмаған" зәулім үйі


Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі теңіз терминалындағы мұнай қабылдайтын пункті. Ресей.
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі теңіз терминалындағы мұнай қабылдайтын пункті. Ресей.

Батыс басылымдары бұл аптада Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысын тоқтата тұру туралы шешімнің саяси астары бар ма деген сұраққа жауап іздейді. Сонымен қатар Қазақстан мұнай тасымалдауды диверсификациялай ала ма деген мәселеге үңіледі. Бұдан бөлек Құлыбаевтың Ұлыбританиядағы зәулім сарайының құрылысы әлі күнге дейін аяқталмағанына назар аударады.

НҰР-СҰЛТАНДЫ "ЖАЗАЛАҒАН" КРЕМЛЬ

Eurasianet басылымы Ресей сотының Қазақстан мұнайын экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысын тоқтата тұру туралы шешімінің астарында не жатыр, бұл Мәскеудің Нұр-Сұлтанды жазалау әрекеті ме деген мәселеге үңіледі.

5 шілде күні Новороссийск қаласы Приморск аудандық соты Каспий құбыр желісі консорциумы "экология ережелерін бұзды" деген себеппен оның қызметін бір айға тоқтатуға үкім етті. Мақала авторы Алмаз Куменов бұл шешім президент Тоқаев Еуроодаққа әлемдік энергетикалық нарықты тұрақтандыруға көмектесуге уәде берген күннің ертесінде шыққанына назар аударады. 4 шілде күні Тоқаев Еуроодақ кеңесінің президенті Шарль Мишельмен телефон арқылы сөйлесіп, "Қазақстан әлем және Еуропа нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін өзінің көмірсутегін әлеуетін пайдалануға дайын екенін" мәлімдеген.

Кей сарапшылар Батысқа Ресейдің энергоресурстарына тәуелділікті азайтуға көмектеспек болған Қазақстан Мәскеудің қаһарына ұшырады, Кремль Нұр-Сұлтанды осылайша жазалады деп есептейді. Басылым бұл ретте саяси шолушы Никита Шаталовтың "Ресей өте дөрекі түрде қарымта жауап қайтарды" деген өзінің Telegram-арнасындағы пікірін келтіреді. Шаталовтың сөзінше, "Кремль бүкіл өкпе-ренішін құбырды жабу арқылы білдірді".

"Кремль ақпараттық қысым көрсетуден нақты қысым жасауға көшті. Ондағы мақсат – ең әуелі экономикалық мәселе бойынша ұстанымымызды өзгертуге көндіру", − дейді ол. Алайда сарапшының ойынша, бұл Қазақстанды Ресейден алшақтатып, мұнай экспорттаудың балама жолдарын іздеуге мәжбүрлейді.

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ ТАСЫМАЛЫН ӘРТАРАПТАНДЫРА АЛА МА?

Каспий құбыр желісінің жұмысын тоқтата тұру туралы шешімнен екі күннен кейін президент Тоқаев мұнай тасымалын әртараптандыруды пысықтап, Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағытына басымдық беруді тапсырды. АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Қазақстан мұнай экспортының бағыттарын әртараптандыра ала ма деген сұраққа жауап іздейді.

Каспий құбыр желісі консорциумы өзінің жұмысын тоқтата тұру туралы сот шешімінің үстінен апелляция шағымын түсірді. Басылымның жазуынша, бұл құбыр жұмысын тоқтата тұруды кейінге қалдырды.

"Каспий құбыр желісі консорциумы Қазақстан мұнайының үштен екісін экспорттайды. Бұл − Қазақстанның бүкіл экспортының 40 пайызы". Бұл ретте мақала авторы Кэтрин Путц Орталық Азия жайлы жазатын журналист Паоло Сорбеллоның мақаласына сүйенеді. Мұндай маңызды сектордың шетелге тәуелді болуы – күрделі мәселе. Мұның тәуекелдері көп: оның жұмысын дауылдан бастап ақауға дейін, тіпті өлшеп-білуге қиын саяси себептер тоқтата алады.

Новороссийск портындағы мұнай танкері.
Новороссийск портындағы мұнай танкері.

Сондықтан мұнай жеткізу жолдарын әртараптандыру мәселені шеше алады, бірақ мақала авторы оған қол жеткізу қиын дейді. Қазақстан теңізге шықпайтын ел болғандықтан, мұнайды әлемдік нарыққа жеткізуге келгенде басқа елдерге тәуелді.

"Мұнай мен газды Транскаспий дәлізі арқылы тасымалдау бұрыннан айтылып жүрсе де, әзірге іске асқан жоқ".

Глазго университетіндегі Орталық Азияны зерттеуші профессор Лука Анчески Тоқаевтың мұнай экспортының дәліздерін жылдам әртараптандыру туралы бастамасы "қысқа мерзімде іске аспайтын мақсат" деп есептейді. "Құбыр – бұл қымбат энергетикалық құрылым, оны салып, пайдалануға беру үшін серіктестермен және сатып алушылармен ұзақ келіссөздер жүргізу керек", − дейді ол.

Мақала авторының жазуынша, Тоқаевтың мұнай тасымалын диверсификациялау туралы мәлімдемесі экс-президент Назарбаевтың мұнайды Каспий теңізі арқылы Әзірбайжанға, одан кейін Еуропаға тасымалдау талпынысын еске салды. 2006 жылы Қазақстан мен Әзірбайжан мұнайды Транскаспий жүйесі арқылы тасымалдау келісіміне қол қойды, бірақ мұның нәтижесінде мұнайды танкерлермен тасымалдау арта ма, әлде теңіз арқылы тасымалдайтын құбыр салына ма деген мәселе басы ашық күйде қалды. 2009 жылға қарай екі елдің энергетикалық компаниялары мұның техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға келісті. Ал Назарбаев Францияға іссапармен барғанда "Каспий теңізі арқылы Бакуден Еуропаға мұнай экспорттайтын құбыр құрылысы жобасына француз тарабы қатысатынын" мәлімдеді.

Он жыл өтсе де, Каспий арқылы өтетін құбыр сол бойы салынбады. "Тоқаевтың мұнай экспортын диверсификациялау жайлы тапсырмасы жағдайды өзгертіп, процесті ілгерілете ме, ол жағы белгісіз, бірақ олай болуы екіталай".

Оны былай қойғанда, басылымның талдауынша, мұнай тасымалын әртараптандыру Қазақстан экономикасын түптің түбінде көпшілік бас тартады деп жүрген салаға тәуелді ете түседі. Себебі климаттың өзгеруі қазба отындардан бас тартуға итермелейді.

"Режимнің бүкіл экономика құрылымын энергетикалық секторға байлап қою талпынысы күндердің күнінде мұнайдан бас тартқан әлеммен бетпе-бет келеді. Сол тұста экономикалық дағдарыс басталады. "Жаңа Қазақстан" басшылары осы сценарийге және тәуекелдердің алдын алуға дайын болуы керек. Қазақстан қоғамында әлеуметтік-экономикалық наразылықтар туындап жатыр. Осыны ескерсек, мұнай табысына тәуелділіктен арылған экономика әлдеқайда тұрақты және әділетті болатыны анық", − дейді Анчески.

"ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ЗӘУЛІМ САРАЙЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ӘЛІ АЯҚТАЛМАДЫ"

Ұлыбританияның The Sun таблоиды экс-президент Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев Ұлыбритания ханзадасы Эндрюдан осыдан 15 жыл бұрын сатып алған Саннингхилл парк вилласы әлі де бос тұрғанына назар аударады.

Йорк герцогы Эндрю ханзаданың бес жыл бойы өтпей тұрған Беркшир аймағындағы Саннингхилл парк вилласын Құлыбаев 2007 жылы сұраған бағадан 3 миллион фунтқа қымбатқа сатып алған. Вилла сатылғаннан кейін сегіз жыл бойы қаңырап бос тұрды, тек 2015 жылы оны сүріп, орнына жаңа зәулім үй сала бастаған. Алайда құрылыс жұмыстары әлі бітпегенге ұқсайды.

The Sun таблоиды "соңғы жеті жылда құрылыс жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, үйдің құрылысы аяқталуға таяу емес. Өйткені жұмысшылар әлі болат арқалықтарын тұрғызып жүр" деп жазады.

Басылымның жазуынша, құрылыс алаңы уақытша ағаш қоршаумен қоршалған, кіреберістен ары қиыршық тас салынған қаптар мен тіреуіштер жатыр. Бұл көрініс құрылыс жоспарындағы сәнді сарайдан алыс.

Саннингхилл-парк, Бакхерст-роуд, Аскот, Беркшир аймағы, Англия.
Саннингхилл-парк, Бакхерст-роуд, Аскот, Беркшир аймағы, Англия.

Былтыр бірқатар британ басылымы зәулім үйдің құрылысы аяқталды деген ақпарат таратқан, бірақ таблоид үй тұрған аумаққа барып, оның құрылысы аяқталмағынына көз жеткіздік деп жазады.

"Онда кім тұратынын білмеймін. Үй жақын уақытта сатылған жоқ. Біз екі жарым жылдан бері осында тұрып жатырмыз, осы уақыт бойы құрылыс жүріп жатты", − дейді Саннингхилл паркке көршілес үйдің тұрғыны таблоидқа берген сұхбатында.

Sun сүрілген вилланың орнында әрқайсысында ванна бар алты жатын бөлме, спортзал, сауна және ойын залы бар үй тұрғызуға рұқсат етілгенін еске салады.

"Төбеден түсірілген суреттерден берік конструкция көрінгенімен, оның сұлбасы жоспарда көрсетілген керемет зәулім үйден алыс".

Құлыбаевтың 2007 жылы Саннингхилл парк вилласын сұраған бағадан 3 миллион фунтқа жоғары бағаға сатып алуы Ұлыбританияда дау тудырды. Британия қоғамы транзакцияның астарында парақорлық бар деген күдікпен тергеу жүргізуге шақырды. Бірақ ханзада мен Құлыбаевтың өкілдері бұл келісімшарттың таза коммерциялық және заңды жолмен жасалғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG