Accessibility links

Орман шаруашылығы инспекторы Серік Мәженовтың қазасына қатысты іс сотқа жіберілді


Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі территориялық инспекциясына қарасты орман шаруашылығы және жануарлар әлемі бөлімінің басшысы Серік Мәженов.
Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі территориялық инспекциясына қарасты орман шаруашылығы және жануарлар әлемі бөлімінің басшысы Серік Мәженов.

Батыс Қазақстан облысында оқ тиіп, мерт болған орман шаруашылығы инспекторы Серік Мәженовтің қазасына қатысты істе тергеу аяқталды. Жарты жылға созылған тергеу амалдарынан кейін іс сотқа жіберілді.

Тергеу амалдары 24 маусымда аяқталған, іс сотқа осы аптада түскен, қазір қабылдау кезеңінде тұр, деп хабарлады БҚО сотының өкілдері.

Іс Теректі аудандық сотында қаралады. Алғашқы сот отырысы әзірге белгіленбеді. Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, іс "Абайсызда қазаға ұшырату" бабы бойынша жіберілген.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Сатыбалды Оразбаевтың айтуынша, істің қаралуына қатысты әзірге шағым жоқ. Іс бойынша бір күдікті бар.

"Біз келісеміз, қарсылығымыз жоқ. Іс бойынша тергеу солай анықтаған" деді Оразбаев Азаттыққа.

44 жастағы орман шаруашылығы инспекторы Серік Мәженовке 2021 жылы 14 желтоқсанда қорық аумағында оқ тиіп, мерт болған. Тергеу органдарының болжамынша, Мәженов аңшылыққа тыйым салынған ерекше қорғалатын аумақта аң аулауға қатысқан. Оның жанында тағы екі адам болған. Біреуі мылтығын қайта оқтаймын деп тұрған кезде қаруы кездейсоқ атылып кетіп оқ инспекторға тиген деп айтылады. Мәженов алған жарақаттан қайтыс болған.

Полиция мәліметінше, тергеу амалдары биыл ақпан соңында аяқталуы тиіс болған, алайда 6 айдан астам уақытқа созылып кеткен. Осы уақыт аралығында полиция "сараптама жүріп жатқанын" айтқан.

Серік Мәженовтің туыстары бастапқыда марқұм заңсыз аң аулады деген полиция болжамымен келіспеген. Әріптестері Мәженовтің аңшылыққа қызықпайтынын айтқан. Ал ол қаза болған қорықта орман шаруашылығы қызметкерлері ұзақ уақыттан бері бір топ браконьерлерді ұстай алмай жүрген. Мәженовті білетін таныстары мен әріптестерінің барлығы сол күні инспектордың тек рейдке баруы мүмкін екенін айтқан еді. Мұны құжаттар да дәлелдей түседі. 14 желтоқсанда оның рейд тапсырмасымен кеткені құжатта көрсетілген.

XS
SM
MD
LG