Accessibility links

Шри-Ланкада наразылар президент резиденциясын басып алды


Президент резиденциясын басып алған наразылар. Коломбо қаласы, шілде айы 2022 жыл.
Президент резиденциясын басып алған наразылар. Коломбо қаласы, шілде айы 2022 жыл.

Шри-Ланканың Коломбо қаласында наразылар президент резиденциясын басып алып, оның отставкасын талап етті. Президенттің өзі қауіпсіз жерге көшірілген және әскери-теңіз күштерінің қорғауында екені хабарланды. Қалада наразылар мен полиция қақтығысты.

Наразылыққа ондаған мың адам қатысқан. Арасында өзге аймақтан келіп қосылғандар да бар. Биілік өкілдері Agence France-Presse агенттігіне наразылардың бір бөлігі өзге аймақтардан "жеткізілгенін" айтты. Орталық ауруханаға митинг кезінде жас ағызатын газдан зардап шеккен 14 демонстрант жеткізілген.

Коломбода жұма кешке коменданттық сағат енгізілгенмен режим сақталып жатқан жоқ. Премьер-министр Ранил Викрамасингхе саяси партия жетекшілерімен дағдарысты шешу үшін шұғыл жиналыс өткізді. Ол сонымен бірге спикерден парламентті шақыруды өтінді.

Шри-Ланкада наразылық жыл басынан бері жалғасып келеді. Ел экономикасы ірі дағдарысқа ұшырады. Қалада жанар-жағармай, дәрі-дәрмек, азық-түліктің кейбір түрлері тапшы. Валюта резерві толық сарқылған. Билік бұған коронавирус індеті себеп болғанын айтады. Індет валюта түсімінің негізгі көзіне айналған туризм саласын тұралатқан.

Мемлекеттің сыртқы қарызы 51 млрд долларға жетіп, дефолтқа ұшыраған. Қазір оны қайта құрылымдау бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Президент Готабая Раджапакса 6 шілдеде Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, одан қаржылай көмек сұраған.

Шілде басында наразылық кезінде үкімет жетекшісі президенттің үлкен ағасы Махинда Раджапакса отставкаға кеткен. Алайда наразылар акцияны тоқтатпай, президенттің кетуін талап еткен.

Наразылық басталғалы бері 8 адам қаза болған, 200-ден астам адам жараланған.

XS
SM
MD
LG