Accessibility links

Ресей елшісі: Мәскеу Украина оңтүстігінен әскерін әкетпейді


Ресейдің Ұлыбританиядағы елшісі Андрей Келин.
Ресейдің Ұлыбританиядағы елшісі Андрей Келин.

Ресей "Донбасты тұтас азат етеді", Украина оңтүстігінен әскерін әкетпейді. Ресейдің Ұлыбританиядағы елшісі Андрей Келин Reuters агенттігіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

"Соғыс қалай аяқталуы мүмкін?" деген сұраққа жауап берген Келин "біз тұтас Донбасты азат етеміз" деді. "Украина оңтүстігінен әскер әкетілмейді, себебі тәжірибе көрсеткендей, кеткеннен кейін арандату әрекеттері басталады" деді ол.

Келиннің айтуынша, ерте ме, кеш пе, Киев Ресеймен бейбіт келісімге бара ма әлде тұтас ел күйрегенше "жорғалап жылжи бере ме", екі жолдың бірін таңдауы тиіс .

Бір күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский CNN телеарнасына берген сұхбатында Украина Ресейге территориясын беру арқылы бейбітшілікке қол жеткізбейді деп мәлімдеді. Зеленский батыс елдерін Украинаға әскери көмегін тоқтатпауға үндеді.

"Жедел ірі көмек украиналықтардың өмірін құтқарады және Ресей жаулап алған территорияны қайтаруға көмектеседі" деді ол. Президент сонымен бірге "Украинаны НАТО қабылдаса, Киевке одан да жеңілірек болатынын" айтты.

"Егер қару-жарақтар легі біздің стратегиялық ахуалға, қорғанысқа қауіп төндірсе, ірі шаралар қолдануға тура келеді" деді Ресей елшісі Келин.

  • Ресей Украина аумағына 24 ақпанда басып кірген. Соғыс басталғалы бері Ресей әскері Луганск облысын, Украинаның оңтүстігіндегі бір бөлікті жаулап алып, Донецк облысына қарай жылжыды. Қазір Украина аумағының шамамен 20 пайызы Ресей бақылауында.
  • АҚШ, Еуропа елдері, сонымен бірге Жапония, Австралия Украинаға миллиардтаған доллар қаржы бөліп, техникамен де, қаржылай да көмектесті. АҚШ Украинаға – 42 млрд доллардан астам, Ұлыбритания – 6 млрд-тан астам, Германия – 3 млрдтан астам қаражат бөлді.

XS
SM
MD
LG