Accessibility links

Қазақстандық теннисші Рыбакина Wimbledon жарысында жеңіске жетті


Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Wimbledon жарысының жартылай финалындағы матчта. 7 шілде 2022 жыл.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Wimbledon жарысының жартылай финалындағы матчта. 7 шілде 2022 жыл.

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (әлемнің 23-ракеткасы) Wimbledon жарысының финалында тунистік Онс Жаберді (әлемнің 2-ракеткасы) жеңіп, Grand Slam турнирлерінде алғаш рет жеңімпаз атанды.

Рыбакина - Grand Slam жарыстарының жекелей сынында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық теннисші.

Ол биылғы Wimbledon жарысында финалға дейін мына теннисшілерден басым түсті:

  • Бірінші айналым: Коко Вандевеге (АҚШ) - 7:6 (7:2), 7:5
  • Екінші айналым: Бьянка Андрееску (Канада) - 6:4, 76 (75)
  • Үшінші айналым: Чжэн Циньвэнь (Қытай) - 7:6 (7:4), 7:5
  • Төртінші айналым: Петра Мартич (Хорватия) - 7:5 6:3
  • Ширек финал: Айла Томланович (Австралия) - 4:6, 6:2 6:3
  • Жартылай финал: Симона Халеп (Румыния) - 6:3, 6:3

Бұған дейін Рыбакинаның Grand Slam жарысындағы ең үздік нәтижесі ширек финал болған. Ол 2021 жылы Roland Garros жарысында әлемнің экс-бірінші ракеткасы Серена Уильямсты (АҚШ) жеңіп, ширек финалға шыққан. Бірақ ширек финалда ресейлік Анастасия Павлюченковадан жеңіліп, жартылай финалға өте алмаған.

Рыбакина екі рет WTA турнирін жеңген. 2019 жылы – Румынияда өткен Bucharest Open жарысында, 2020 жылы Австралиядағы Hobart International турнирінде жеңіске жетті. Ол Grand Slam жарыстарына осымен 12-рет қатысып отыр.

Ресейде туып өскен спортшы 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің атынан жарыстарға қатысып жүр. Ол сұхбаттарында теннисті Мәскеуде алты жасынан ойнай бастағанын айтады.

Рыбакина басында Ресей атынан жарыстарға қатыспақ болған. Бірақ 2018 жылы маусымда Қазақстан теннис федерациясының шақыртуымен (федерацияны қазақстандық миллионер Болат Өтемұратов басқарады) Қазақстан азаматтығын алды.

Қазақстан теннисшінің жаттығуын, жеке бапкерінің ақысын, жарыстарға қатысуына қаржы бөледі. Мұны спортшының өзі де жасырмайды.

Рыбакина 2020 жылы ақпанда WTA (Әйелдер теннисі қауымдастығы) рейтингінде үздік жиырмалыққа енген. Қазақстан атынан жарысқа қатысып жүрген теннисшілер бұрын рейтингте үздік жиырмалыққа енбеген еді.

Рыбакина былтыр өткен Токио олимпиадасында төртінші орын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG