Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінде "Доссормұнайгаздың" мердігері "BuildServiceCom" компаниясына көліктерін жалға бергендер мен көлік жүргізушілерінің 27 маусымда басталған наразылығы 13 күнге созылып, 9 шілдеде тоқтаған. Бұл туралы Азаттыққа жұмысшылар айтты.
"Доссормұнайгаз" елдегі ірі мұнай газ компаниясы "Ембімұнайгаздың" өндірістік бөлімшесі саналады. "BuildServiceCom" компаниясы осы "Ембімұнайгаз" мен "Доссормұнайгаз" мұнай-газ өндіру басқармасының жұмысшыларын кен орындарына көлікпен тасымалдайды.
"Доссормұнайгаз" мен "Ембімұнайгазға" көліктерін жалға бергендер және көлік жүргізушілері 27 маусымда басталған наразылықтарында еңбекақыларының кешігетін айтып, айлықты әр айдың 10-ы мен 15-інен кешіктірмей төлеуді талап еткен еді.
1 шілдеде "BuildServiceCom" компаниясы келісімді орындамады деп наразылыққа шыққандармен көлікті жалға алу келісімшартын және еңбек келісімшартын біржақты түрде бұзды. Алайда талап қоюшылар мұнымен келіспей, наразылықтарын жалғастыра берген еді.
Ал 8 шілдеде "Ембімұнайгаз" "BuildServiceCom" компаниясына келісімшартты біржақты тәртіпте бұзылатынын хабарлаған. "Ембімұнайгаз" баспасөз қызметі Азаттыққа "Самұрық-Қазына" ұлттық қорының тәртібі бойынша келісімшарт он күн өткен соң бұзылатынын жеткізді.
9 шілдеде наразылармен "Доссормұнайгаз" мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Серік Әбдиев кездесіп, жақында жаңа мердігермен келісімшарт жасалатынын, соған барлығын да жұмысқа кері алатынын, көлікті жалға беру ақысы да сол күйі болатынына уәде еткен.
Азаттық тілшісімен сөйлескенде де Әбдиев мұны растап, былтыр тендерге түскенде екінші орын алған мердігермен келісімшарт жасалатынын және жұмыссыз қалған 25 көлік жүргізушісі мен көлікті жалға берушілердің бәрін де мердігердің жұмысқа алуына кепілдік беретінін жеткізді.
Ал көлік жүргізушілерінің бірі Рамазан Оразбаев ертең, 13 шілдеде Әбдиев жаңа мердігермен кездесуге жұмыссыз қалғандарды шақырғанын, бірақ мердігер компания атауын айтпағанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР