Еуропа ғарыш агенттігі Марсты зерттеу жобасы бойынша "Роскосмоспен" әріптестігін тоқтатады. Бұл жөнінде Еуропа ғарыш агенттігінің бас директоры Йозеф Ашбахер хабарлады.
"Бұған Украинадағы соғыс пен соған байланысты қабылданған санкциялар себеп" деді ол.
"Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозин да Халықаралық ғарыш станциясындағы Ресей экипажына Еуропа ғарыш агенттігімен әріптестікті тоқтатуды тапсыратынын айтты. "Роскосмостың" баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресей ExoMars жобасын "доспейіл" елдерді тарта отырып, өз бетімен жүзеге асыруы мүмкін.
ExoMars – Еуропа ғарыш агенттігі мен "Роскосмостың" Марсты зерттеу бойынша жүзеге асырып келген ортақ жобасы. Аталған бағдарлама бойынша алғашқы ғарыш аппараты "Протон-М зымыран тасығышымен бірге Байқоңыр айлағынан 2016 жылы ұшырылған болатын. Аталған миссия аясында Ресейдің "Казачок" платформасы Марсқа еуропалық Rosalind Franklin аппаратын жеткізуі тиіс болған.
ПІКІРЛЕР