Accessibility links

Луганскідегі жарылыс: HIMARS зымыран қондырғысымен Ресей бақылауындағы нысандарға соққы жасалды


HIMARS жүйесі.
HIMARS жүйесі.

Украинада ресейшіл сепаратистердің бақылауындағы Луганскіде 13 шілдеге қараған түні жарылыс үні естіліп, қалада өрт болған. Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары және сепаратистер украин әскерінің қаладағы нысандарға зымыранмен соққы жасағанын хабарлады. Украина қарулы күштері әзірге хабарлама таратпады.

Луганск соғыс линиясынан 70 шақырымнан астам жерде орналасқан. Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, қалаға америкалық HIMARS дүркіндете ататын реактивті қаруынан соққы жасалған. "Точка-У" зымыраны туралы да айтылды. Сепаратистер өкілінің мәліметінше, Луганскідегі әуе шабуылынан қорғайтын жүйе шоғырланған әскери бөлімдер зымыранмен атқыланған. Зымырандардың бір бөлігіне тойтарыс берілген. Сепаратистердің бұрынғы қолбасшысы Игорь Стрелков базаның жойылғанын хабарлады.

Луганскіде соққының жалғасып жатқанына екі күн болды. Интернетте жарылыс туралы түрлі видеолар тарады. Қаза болғандар жайлы әзірге мәлімет жоқ.

Кейінгі апталарда украин әскері Ресей күштерінің нысандарына бұрынғыдан гөрі тегеурінді соққы жасай бастаған. Олар әскери нысандар мен оқ-дәрі қоймаларына шабуылдаған. Дүйсенбі күні Херсон облысындағы Новая Каховка ауданына соққы жасалды. Ресейге қарайтын жергілікті әкімшіліктің мәлімдеуінше, жеті адам қаза болған, көп ғимарат қираған. Украина әскері нақты соққылар жөнінде мәлімет бермеді, алайда соққы жасалғанын мойындайды. Украина БАҚ-тарындағы дереккөздер мен көп блогер жоғары лауазымды орыс әскерилерінің қаза болғанын хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Ресей әскері сәрсенбіге қараған түні Донецк облысындағы Краматорск, Константиновка және Днепропетровск облысының оңтүстігіндегі Никополяға зымыран жіберген. Ресей күштері Харьковті де атқылап жатыр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар.

Британ әскери барлау қызметінің хабарлауынша, алдағы аптада Ресей Донецк облысындағы Славянск және Краматорскіге қарай жылжиды.

XS
SM
MD
LG