Accessibility links

"Донецк халық республикасында" тұтқында болған британ еріктісі қайтыс болды


Пол Ури.
Пол Ури.

Украинаның сепаратистер бақылауындағы аймақта тұтқында болған британ еріктісі Пол Ури қайтыс болды. Бұл жөнінде өзін республика жариялап алған "Донецк халық республикасының" омбудсмені Дария Морозова хабарлады. Ұлыбритания билігі әзірге ақпаратты растамады.

"Ол 10 шілдеде көз жұмды" деп жазды Дария Морозова Телеграм арнасында. Оның сөзіне қарағанда, 45 жастағы ерікті "аурудан және стрестен қайтыс болған". Морозованың айтуынша, Ури диабетпен ауырған. Бұл мәліметті әзірге тәуелсіз дереккөздер растаған жоқ.

Presidium Network коммерциялық емес ұйымының еріктісін Ресей әскері 25 сәуірде Запорожье қаласындағы бақылау-өткізу пунктін басып алған кезде ұстаған. Мамыр айында Ресей арналарынан Ури түскен видео жарияланды. Жазбада қолы кісендеулі британ азаматы тергеушілерге жарылған көпірді "Англиядағы ақпарат құралдарының өтірік айтып жатқанын көрсету үшін" суретке түсіргенін айтқан. Ол сонымен бірге бұрын Ирак, Ауғанстан мен Ливияда болғанын айтады.

Коммерциялық емес ұйым өкілдері мен әріптестері Уриді украин күштеріне қолғабыс жасап жүрген ерікті ретінде сипаттаған. Ал Ресей қолдайтын сепаратистер оны "жалдамалы солдат" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG