Accessibility links

Ресей SWIFT-ті алмастыратын балама жүйе жасауға тырысып жатыр


Ресей билігі қаржылық хабарламалар таратуға мүмкіндік беретін халықаралық SWIFT жүйесінен бас тарту амалдарын қарастырып жатыр. Бұл жөнінде Ресей президентінің экономика мәселелері бойынша көмекшісі Максим Орешкин хабарлады.

"Біз оны қолдануға қажеттілік тумайтындай жағдай жасаймыз. Сыртқы экономикалық қызметімізді жүргізуді барынша қолайлы етуге баса назар аударып отырмыз" деді Орешкин.

Президент кеңесшісінің сөзіне қарағанда, келесі аптада Ресей билігі Түркиядағы әріптестерімен кездесіп, төлем баптауларын талқылайды. Оның айтуынша, Қытаймен де "жағдайды тұтас өзгерте алатын" инновациялар бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеуге салынған санкция аясында ресейлік бірнеше банк SWIFT жүйесінен ажыратылған болатын.

Қазір ол жақта қаржылық хабарламалар үшін Ресей банкі жүйесі қолданылып жатыр. Ол 2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін және Донбаста қарулы қақтығыс басталған соң енгізілген. Сол кезде Ресей билігі елді SWIFT жүйесінен ажыратады деп болжаған, бірақ ол жүзеге аспады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG