Accessibility links

Британ барлау қызметі: Ресей оңтүстікте Украина күштерінің шабуылынан қауіптенеді


Украинадағы Ресей күштері.
Украинадағы Ресей күштері.

Ресей әскері Украина оңтүстігіне қосымша күштер мен әскери техника тартып, қорғаныс позициясын нығайта бастады. Украин саясаткерлері елдің оңтүстік аймақтарын орыс әскерінен азат ету туралы мәлімдемелер айта бастаған шақта осындай ақпарат тарап отыр. Бұл жөнінде Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің күн сайынғы шолуында айтылады.

"Мәселе Мариуполь, Запорожье және Херсон арасында әскер, техника мен қорғаныс қорын көшіру туралы болып отыр. Мелитопольдегі Ресей күштері қауіпсіздік шарасын күшейтіп жатыр" деп жазылған шолуда.

Британ барлаушыларының айтуынша, бір айдан астам уақыт бойы украин күштері Херсон облысындағы Ресей күштерінің қорғаныс линиясына едәуір әсер етіп жатыр. Бұған қоса, Ресей күштерінің тылдағы нысандарына бірнеше соққы жасаған. Олардың арасындағы ең ірісі Новая Каховкаға соққы болды. Украина тарабы мен жергілікті тұрғындардың айтуынша, соның салдарынан Ресей күштері оқ-дәрі сақтаған қойма қираған.

Ресей әскері ол жерде азот тыңайтқыштар сақтағанын мәлімдеген. Екі тарап та ірі жарылыс болғанын атап өтті. Мұны спутник суреттері де растайды. Сонымен бірге командалық пункт пен бірқатар жоғары лауазымды Ресей әскерилерінің опат болғаны хабарланды. Бұл ақпаратты ашық дереккөздер де ішінара растаған.

Украина өкілдері алдағы уақытта Ресей әскері ақпан мен наурызда бақылауға алған Херсон мен Запорожье облысын азат ету мақсатында қарымта шабуылға көшетінін хабарлаған.

Ресей әскері кейінгі кезде Николаев қаласы мен облысын тынбастан атқылап жатыр. Николаев облысының әкімшілік жетекшісі Виталий Кимнің айтуынша, жексенбіге қараған түні облыс орталығы "жаппай ракета атқылауына ұшыраған". Зымыран екі кәсіпорынға түсіп, өрт болған.

Николаев мэрі Александр Сенкевич қаланың он жерінде жарылыс болғанын айтты. Николаев түбіндегі Шевченково қаласында соққының салдарынан үш адам қаза болған.

Донецк облысында әлі қызу шайқас жүріп жатыр. Онда Ресей күштері солтүстік жағынан Славянск, батыс жағынан Соледар мен Бахмутқа шабуылдауға тырысып жатыр.

XS
SM
MD
LG