Accessibility links

Шымкент соты тергеуде өлген адам жөніндегі істі қарай бастады. Төрт полицей "күдікті" болып отыр


Шымкент полиция департаментіндегі тергеу кезінде қаза тапқан Нұрболат Жұмабаев.
Шымкент полиция департаментіндегі тергеу кезінде қаза тапқан Нұрболат Жұмабаев.

18 шілдеде Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты қалалық полиция департаментіне тергеуге жеткізілген 30 жастағы Нұрболат Жұмабаевты "қызметін асыра пайдаланып, азаптап өлтірді" деген күдікпен қамауда жатқан төрт полицейдің ісін қарай бастады. Сот ісіне судья Светлана Шынәлиева төрағалық етеді.

Қылмыстық кодекстің "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" (362-бап) және "Азаптаулар" (146-бап) бабымен күдікке ілінген Дәулет Аймешов, Уәлихан Жәнібеков, Дінмұхаммед Исаев, "Азаптаулар" бабымен күдікке ілінген Әлішер Өткіров арнайы күзетпен сот залына жеткізілді.

Аймешев пен Жәнібеков - қалалық полиция департаменті криминалды полиция басқармасы басшысының орынбасары, Исаев Қаратау аудандық полиция басқармасы криминалды полиция бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Өткіров полиция департаментінде жедел өкіл болып жұмыс істеген. Төртеуі де оқиғадан кейін жұмыстан босатылған.

Судья жеке мәліметтерді сұрап біткен соң басты айыпталушылардың қорғаушылары талап-тілек білдіріп, тергеу кезіндегі кемшіліктер болғанын айтты. Тергеуде "басқа полицейлердің де іске қатысы бар нақты дәлелдемелермен анықталғанымен, жауапкершілікке тартылмағанына" шағынды. Азаптау кезінде кімнің не істегені айтылғанымен, басқа полицейлердің де қатысы бары ескерілмегенін жеткізді.

- Тергеу кезінде Қылмыстық процесуалдық кодекс өрескел бұзылған. Бұл - соттың істі әділ қарауына кедергі келтіреді. Сондықтан істі қайта тергеуге прокуратураға жіберуді сұраймыз, - деді Аймешовтің адвокаты Ақшолақова.

Прокурор Ғалымжан Жаңабаев "жаңа мән-жайлар болса, істі қайтаруға қарсы емеспін" деді. Кеңесу бөлмесінен шыққан судья "тым ерте берілген өтініш" екенін айтып, талап-тілекті қанағаттандырусыз қалдырды.

Прокурор айыптау актісінде экс-полицейлердің "Ұрлық" бабымен күдікті ретінде ұстаған марқұм Нұрболат Жұмабаев пен Сергей Петровты ұстау кезінде және қалалық полиция департаментінің қабырғасында 35 минут шамасында қалай азаптағанын айтты. Қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне тіркемей тергеу жүргізілгеніне тоқталды.

Айыптау актісі оқылғанда марқұмның өкілі жәбірленуші Жанболат Байеке көзіне жас алып, басын шайқай берді. Айыптаушылар тағылған айыппен түбегейлі келіспейтінін айтты.

Содан кейін сот жәбірленушілерден жауап ала бастады. Жәбірленуші Байекенің жауабынан соң жәбірленуші деп танылған Петровқа сөз берілді. Ол денсаулығына байланысты жауап бере алмайтынын айтқан соң судья істі кейінге қалдырды.

Іс сотқа 26 маусымда түскен. Өткен сот отырысында судья айыпталушылар мен олардың қорғаушылары және туыстарының өтінішімен журналистерге фото, видео, аудио жазуға тыйым салған. Айыпталушылардың ішінде тек Жәнібеков өзін фото, видеоға түсіруге қарсы емес екенін айтқан. Судья істі аудармашының келмеуіне байланысты кейінге қалдырылған.

8 желтоқсанда Шымкент қалалық полиция департаментіне тергеуге жеткізіліп, сонда көз жұмған Нұрболат Жұмабаев 11 желтоқсанда туған жері Қостанай қаласында жерленді. Марқұмның туыстары оны "полиция ұрып өлтірді" деп есептейді. Бұған дейін полиция "азамат жауап алу барысында өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келгенше есінен танып, қайтыс болды" деген. Полиция департаментінің сол кездегі бастығы Ералы Жұмаханбетов журналистерге "прокуратура мен өзіндік қауіпсіздік қызметі дене жарақатын бәрін қарап шыққан. Алғашқы кезде көрініп тұрған жарақат жоқ деп айтты" деген еді. Ал марқұмның мәйітін көрген туыстары денесінің қанталап кеткенін айтқан.

Жұмабаевты полиция серігі Сергей Петровпен бірге департамент ғимаратына қаладағы ұрланған бірнеше көлікке қатысы бар күдікті ретінде жеткізген. Петров бұған дейін ақпарат құралдарына Жұмабаев пен өзін полицейлердің ұрып-соққанын айтқан.

Жұмабаевтың туыстарының Азаттыққа жіберген медициналық сараптама қорытындысында марқұмның қазасына үш жайт "шок", "ұйқы безіне қан кету" және "ішінен алған жарақат" әсер етуі мүмкін деп көрсетілген. Мұны айыптау актісін оқыған прокурор да растады.

10 желтоқсанда күдікті ретінде үш полицейдің ұсталғанын, кейіннен тағы бір полицейге іздеу жарияланғаны хабарланған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG