Accessibility links

Bloomberg: Гаага сотында Ресейдің "әскери қылмыстары" жайлы істер қыста қарала бастайды


Халықаралық қылмыстық істер сотының прокуроры Карим Хан Украинаның Харьков қаласында. 15 маусым 2022 жыл.
Халықаралық қылмыстық істер сотының прокуроры Карим Хан Украинаның Харьков қаласында. 15 маусым 2022 жыл.

Гааганың Халықаралық қылмыстық істер соты Ресей күштерінің Украина аумағындағы "әскери қылмысына" қатысты істерді осы қыста қарай бастайды. Бұл жөнінде Bloomberg агенттігі жазды.

Алғашқы соттың нақты қай күні басталатыны белгісіз, алайда Bloomberg мәліметінше, ол не биылғы жылдың соңында не келесі жылдың басында басталады.

Ақпаратқа қарағанда, Украина өкілдері Халықаралық сотпен кемінде ресейлік бір әскери тұтқынды сотқа тарту жөнінде келісіп жатыр. Күдікті Ресейге қарсы куәлік беруге дайын деп айтылады.

Украина бас прокуратурасы соғыс басталғалы бері Ресей әскері жасады деп айтылатын әскери қылмыстарға дәлелдер мен айғақтар жинап жатыр. Наурыз айында Ресей армиясының Украинадағы қылмыстарына дәлел жинайтын арнайы тергеу тобы құрылған. Оның құрамына Еуропаның бірнеше сот орган өкілдері кірген. Топтың жұмысын Еуроодақтың қылмыстық істер бойынша ынтымақтастық агенттігі қолдайды.

6 шілде күнгі мәлімет бойынша, Украина бас прокуратурасына Ресей басқыншылығы басталғалы бері 21 мыңнан астам әскери қылмыс жайлы мәлімет түскен. Украинаның бұрынғы бас прокуроры Ирина Венедиктова британдық BBC агенттігіне күн сайын шамамен 200-300 жаңа мәлімет келіп түсетінін айтқан.

Гаагадағы Халықаралық қылмыстық істер соты – адамзатқа қарсы қылмыс, геноцид және әскери қылмыстарды қарайтын мемлекетаралық орган. Ол 1998 жылы қабылданған Рим статуты негізінде жұмыс істейді. Ресей Рим статуты келісіміне қол қойғанмен ратификацияламаған. 2016 жылы сот Ресейдің Қырым аннексиясын басып алу деп танығаннан кейін президент Владимир Путин Ресейді Халықаралық қылмыстық істер сотының құрамынан шығару туралы жарлыққа қол қойған. Ресей билігі Украинадағы әскери қылмыстарға қатысы барын мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG