Accessibility links

Қарақалпақстанда наразылыққа байланысты енгізілген төтенше жағдай алынды


Қарақалпақстанда 21 шілде таңғы сағат 5-тен бастап төтенше жағдай режимінің күші жойылды. Бұл жөнінде Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми ақпаратқа қарағанда, президент Шавкат Мирзияев "парламентке үндеулер мен аймақта қоғамдық тәртіптің қалпына келтірілгенін, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін" ескеріп, төтенше жағдайды алып тастау туралы жарлыққа қол қойған.

Өткен аптада Қарақалпақстанда төтенше жағдай жұмсарғаны хабарланған еді.

Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық білдірген. Наразылық күшпен басып-жаншылды, билік Қарақалпақстанда 2 тамызға дейін төтенше жағдай жариялаған.

Ресми мәліметке сай, Қарақалпақстандағы оқиға кезінде 21 адам қаза болған, 516 адам ұсталған. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау орган өкілі. Артынша Өзбекстан парламенті Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.

Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG