Accessibility links

"Жанболат Мамайдың ісі": Прокуратура Инга Иманбайды қорғаушы мәртебесінен айырды


Белсенді Инга Иманбай сөз бостандығына арналған жиында сөйлеп тұр. 25 маусым 2022 жыл.
Белсенді Инга Иманбай сөз бостандығына арналған жиында сөйлеп тұр. 25 маусым 2022 жыл.

Алматы прокуратурасы белсенді Инга Иманбайды күйеуі Жанболат Мамай ісінде қорғаушы мәртебесінен айырды. Бұл жөнінде белсенді 21 шілдеде Facebook парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, прокуратура өкілдері оған іс бойынша куәгер екенін алға тартқан. Инга Иманбай сол себепті бейсенбі күні күйеуіне кіре алмағанын да хабарлады.

– Сылтаулары: 4 қаңтар күні Жанболатпен бірге митингіге шыққан мен іс бойынша куәгер екенмін-мыс. Иә, заңды күйеуіме қарсы куәлік етуге мәжбүрлемек болғандары рас. Бірақ, мен Жанболатқа қарсы куәлік беруден бас тартқанмын, іс бойынша жақын туысыма куәгер болмау менің заңды құқығым. Енді жарымды заңсыз, жаламен түрмеге қамағандары аздай, өзімді ұрып-соғып қанағадары аздай, менің заңды құқығымды осылай аяқ асты ету керек пе?! Бұл не деген сұмдық? - деп жазды Инга Иманбай.

Ол жазбасында президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, Алматы полициясы бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов және Адам құқықтары уәкілі Эльвира Әзімованы белгілеп, күйеуі екеуінің құқықтарын бұзбауға үндеген.

"Медиазона" сайтының жазуынша, прокуратура құжатында Инга Иманбайдың 4 қаңтарда "Алматы арена" спорт сарайы маңында күйеуі Жанболат Мамаймен бірге митингіге қатысқаны жазылған. 6 сәуірде белсенді тергеуге шақырылған. Алайда Инга Иманбай Қылмыстық-процестік кодекстің 74-бабына сүйеніп, күйеуіне қарсы куәлік беруден бас тартқан.

Инга Иманбайдың адвокаты прокуратура қаулысына шағым түсірмек.

Алматы прокуратурасы түсініктеме бермеді.

Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі, 34 жастағы Жанболат Мамай биылғы 26 ақпаннан бері қамауда жатыр. Белсендінің жақтастары бұл істердің саяси астары бар деп санайды.

Қамауға дейін Мамай Қылмыстық кодекстің екі бабы: "Билік өкілін қорлау" (378-бап) және "Жалған ақпарат тарату" (274-баптың 2-тармағы) баптары бойынша айыпталып, күдікті ретінде тергеліп келген. Қамалған соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты тағы екі бап бойынша айып тағылған. Ол "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" (272-баптың 1-тармағы) және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" (274-баптың 4-тармағы) деген күдікке ілінді.

Айыпты деп танылса Жанболат Мамай 10 жылға дейін бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Осыған дейін Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.

Мамай авторитар үкіметті қатаң сынаумен танылған. Ол "Қазақстанның демократиялық партиясын" құрып, тіркеуге тырысқанын, бірақ билік кедергі келтіргенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG