Accessibility links

Сот белсенді Санавар Закированың  омбудсмен үстінен түсірген шағымын қанағаттандырмады 


Белсенді Санавар Закирова.
Белсенді Санавар Закирова.

21 шілдеде Нұр-Сұлтан апелляциялық сот алқасы азаматтық белсенді Санавар Закированың адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың үстінен жазған арызын қанағаттандырмады.

Закированың айтуынша, оны биыл 11 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік көшесіндегі дүкендердің бірінен шығып бара жатқанда бес адам жабылып, күшпен көлікке отырғызып алып кеткен. Кейін ол адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға арыз жазып, осы оқиғаны тексеруді сұраған. Бірақ Әзімовадан жауап болмаған соң астанадағы әкімшілік сотқа «уәкіл Конституцияны сақтамады» деп шағымданған.

- Мені ұстағандар полиция өкілдері деп жобалаймын. Маған күш қолдану салдарынан аяқ-қолым көгеріп, ісіп кетті. Мені Сарырақа аудандық полиция бөлімшесіне әкеліп, 2021 жылғы 16 маусымда жеке пикетке шыққаным үшін 15 тәулікке қамады. 13 cәуірде квотамен ауруханаға жататынымды айтқаныммен өтінішіме құлақ аспады. Мен президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға арыз жазып, құқығымның бұзылғанын, азапталғанымды айтып, осы мәселені тексеруді сұрадым. Ол жауап бермеген соң әкімшілік сотқа шағымдандым, - дейді Закирова.

27 маусымда Нұр-Сұлтан әкімшілік соты Закированың омбудсмен үстінен жазған арысын заңсыз деп таныған еді. Ал 21 шілдеде астанадағы апелляциялық сот алқасы алдыңғы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы уәкіл Эльвира Әзімова Азаттыққа Закированың шағымы өзіне жетпегенін мәлімдеп, оның заңсыз адам ұрлау жөніндегі арызымен полиция айналысу керегін айтты.

- Қызметкерлеріме “Закировадан арыз түсті ме, жоқ па тексеріңдер” деп айттым. Ешқандай арыз түспеген. Енді уақытша қамау изоляторына сауал жолдаймыз, арызды неге жібермегенін, жіберсе қашан жібергенін анықтаймыз. Мен тек тексере аламын, прокуратураға сұрақ қоямын, бірақ тергеуді бастауды сұрай алмаймын. Ол мені сотқа бергенiмен Әкімшілік процедуралық-процессуалдық кодексінің маған (омбудсменге – Ред.) күші жетпейді. Маған байланысты процедура өзіме байланысты заңда жазылған, - деді Әзімова.

54 жастағы азаматтық белсенді Закирова былтыр да омбусменнің үстінен шағым түсіріп, онда сотталушылардың құқықтарының өрескел бұзылғанына назар аудармады деп айыптаған. Сот екі тараптың медиациялық келісімімен біткен.

Закирова Facebook желісінде "Нұр Отан" (қазіргі “Аманат” партиясы) партиясын жиі сынайды. Партия мүшелерімен жанжалдан соң 2020 жылы шілдеде "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша бір жылға абақтыға да қамалған. Кейін қалған жазасы айыппұлмен алмастырып, бостандыққа шықты. Закирова өзіне тағылған айыпты мойындамай, "істің саяси астары барын" айтқан.

Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Белсенді Санавар Закирова 2018 жылдан бері "Наше право" деп аталатын партиясын тіркете алмай жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG