Accessibility links

Таразда Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған азаматтардың сотына Азаттық тілшісі қатыса алмады


Қаңтар оқиғасына қатысты деп айыпталған Шу тұрғындарының соты. Тараз, 22 шілде 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына қатысты деп айыпталған Шу тұрғындарының соты. Тараз, 22 шілде 2022 жыл.

Таразда Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған 9 адамның соты өтіп жатыр. Оларға "жаппай тәртіпсіздік", "қару, оқ-дәріні заңсыз иемдену" және "ғимараттарға басып кіру" баптары бойынша айып тағылған. 22 шілдеде Азаттық тілшісі куәгерлер тыңдалып жатқан сотқа қатыса алмады.

Сот процесі басталған кезде судья Айдарбек Замбаев "айыпталушылар арасында кәмелетке толмаған балалар болғандықтан олар процеске ақпарат құралдарын қатыстырмауды өтінді" деді. Бірақ нақты өтініштің кімнен келгенін айтпады.

Азаттық тілшісі сот басталмай тұрып, айыпталушылардың туыстарымен сөйлескен.

9 айыпталушының барлығы Шуда тұрады. Біреуі қыз бала. Бесеуі қамауда отыр, төртеуі үйқамаққа шыққан. Туыстарының айтуынша, олар өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады. Кейбір айыпталушыларға "Нұр Отанның" Шу ауданы, Төле би ауылындағы ғимаратын өртеді деген айып тағылған. Азаттық сөйлескен айыпталушылардың туыстары тергеу амалдарына көңілі толмайтынын жеткізді.

"Өзіміз трассаның бойында тұрамыз. 170-тей адам трассадан өтіп бара жатқан шақта есіктің алдында тұрған балам соларға қосылып кеткен. Ол бұл не шу деген қызығушылықпен барған. Енді оны "Нұр Отанды" өртеді деп айыптап отыр. Неге ғимаратты нағыз өртеп, қиратқандарды таппайды? Куәгерлерді сырттан тартып жатыр деп ойлаймын. Еш сөйлей алмайды. Балама әу баста 269-бап бойынша айып таққан, кейін оны алып тастап, 272-ге ауыстырды. Кейін 269-ды қайтадан қосып қойды. Мұнда ешкім қару ұстаған жоқ. Бұлардың қолында қару тұрмақ, ағаш болған жоқ" деді айыпталушылардың бірінің анасы, көп балалы әйел Бағдаткүл Рыспамбетова Азаттық тілшісіне.

Тұрған Қасымов есімді азамат ұлы Рысбекке 272-бап бойынша айып тағылып отырғанын, тергеу органдарының әрекетіне көңілі толмайтынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, жаттықтырушы болып істейтін ұлы қыста көмір тасумен айналысқан. Қаңтар оқиғасы кезінде жұмыстан кеш қайтып, қайтар жолда алаңда көп адам жүргенін көріп, барған. Он минут қарап тұрып, кейін үйіне кеткен. Тұрған Қасымовтың айтуынша, ұлын сол үшін енді "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыптап отыр.

Осыған дейін Қаңтар оқиғасы бойынша істе жүздеген адамға сот үкімі шыққан. Көбіне шартты жаза берілген. Түрме жазасын алғандар да бар.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Билік шетелде дайындықтан өткен "террористер шабуылы" туралы айтты, бірақ оған дәлел-айғақ келтірген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге елде билікті күшпен басып алу талпынысы болғанын айтып, алайда оны кім ұйымдастырғанын нақтыламады.
  • Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
  • Осыған дейін Қаңтар кезінде жақынынан айырылған азаматтардың туыстары, белсенділер мен құқық қорғаушылар билікті бейбіт халыққа оқ атқандарды (оққа ұшқандар арасында балалар да бар – ред.) жауапқа тартуды, оқиғаны әділ тергеуді талап еткен. Халықаралық ұйымдар мен жергілікті құқық қорғаушылар зерттеуге халықаралық сарапшыларды араластыруға үндегенмен билік ұсынысты қабылдамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG