Accessibility links

Алматыда Назарбаев мектебінің алдында ата-аналар наразылық білдірді


Назарбаев зияткерлік мектебінің алдында наразылық жасап тұрған ата-аналар. Алматы, 22 шілде 2022 жыл.
Назарбаев зияткерлік мектебінің алдында наразылық жасап тұрған ата-аналар. Алматы, 22 шілде 2022 жыл.

22 шілдеде Алматы қаласындағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінің алдына бір топ ата-ана жиналды. Бұл ата-аналар бұған дейін де екі рет жиналып, биыл қазақ тілінде білім алатын оқушыларға бөлінген гранттың әділ бөлінбегенін айтып, наразылық білдірген болатын.

Жиналғандардың айтуынша, наразы топ оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен Назарбаев зияткерлік мектептерінің басшылығына хат та жазған. Ата-аналардың бірі Махаббат Сейілбекова комиссия мүшелерінің бір де бірінің наразы топтың алдына шығып жауап бермегенін және грант санын Алматы қаласындағы алтыншы сынып бітірген барлық бала санына қарап бөлгеніне наразы екенін айтады. Олардың айтуынша, қазақ пен орыс сыныбына бөлінген гранттар саны құжат тапсырған балалар санына қарай бөлінуі тиіс.

– Бұл жерде қазақ тілі сыныбына тапсырған балалардың саны – 1483. Ал орыс сыныбына тапсырғандар саны – 695. Біз осы мәселені айтып ["Назарбаев Зияткерлік мектептері" басқарма төрайымы - ред.] Күләш Шамшиддинова ханымға хат жазғанымызда, ол кісі жалпы Алматы қаласында оқып жатқан қазақ тілді оқушылар мен орыс тілді оқушылардың санын айтты. Бізге ол маңызды емес. Бұл жерде іріктелген, қаншама еңбекпен дайындалған балалар келіп жатыр. Сондықтан грантты осында құжат тапсырған балалар есебіне қарай бөлсе, - дейді.

Жиналғандар бүгінге дейін билікке жазған хаттарынан еш нәтиже болмағанын, енді Нұр-Сұлтанға баратындарын айтты. Жиналғандарға мектеп басшылығынан да ешкім шықпады. Мектептің қақпасы құлыптаулы.

Бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі Азаттыққа "Конкурстың кезінде бізде екі күн кешенді тест өтеді. Кешенді тестің мақсаты - нақты критерий бойынша балаларды іріктеу. Іріктеген кезде қазақ сыныбының, мысалы 1483 баланың 638-і екінші кезеңге өткен. Ал орыс сыныбына қарасаңыз, 695-тен 421-і екінші кезеңге өткен. Бұл біздің нақты конкурстық іріктеулердің критерийі" деген болатын. Алайда ата-аналар бұл уәжбен келіспейді.

Химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік метебіне биыл жетінші сыныптан бастап оқу үшін 200 балаға грант бөлінген. Оның 100-і орыс сыныбына, 100-қазақ сыныбына берілген. Наразы топ бұлайша грант бөлудің әділетсіз екенін, қазақ сыныптарына құжат тапсырған, бірақ қабылданбаған балалардың жинаған балының орыс сыныбы бойынша оқуға қабылданған оқушылардан жоғары екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG