Accessibility links

Тәжік кеденшілері Құранның мың данасын Ауғанстанға қайтарды


Тәжікстанның Хатлон облысының кеден органдары Құран кітабының мың данасын Ауғанстанға қайтарды.

Кітаптарды жыл басында ауған кәсіпкерлері Төменгі Пянждағы өткізу бекетінен алып өтпек болған. Сол кезде тәжік кеденшілері үкімет жанындағы дін комитеті қорытынды шығарғанға дейін "қауіпсіздік мақсатында" кітаптарды тәркілеп алған.

Хатлон облысының кеден басқармасының өкілі Бұқтырдағы баспасөз жиынында кітаптар Тәжікстанға дін комитетінің рұқсатынсыз әкелгенін, сол себепті Ауғанстанға қайтару туралы шешім қабылданғанын айтты.

Азаттықтың Тәжік қызметінің дереккөзінің хабарлауынша, кітаптар Тәжікстанға жүк көлігімен жеткізілген және әрбір Құранның салмағы 2,5 кило. Құран араб тілінен әлемнің көп тіліне аударылған.

Хатлон облысы кеден басқармасы өкілдерінің айтуынша, 2021 жылы да осыған ұқсас жағдай қайталанған. Ол кезде Құранның 27 мың томын Тәжікстан арқылы өткізбек болған, алайда кеденшілер оларды Ауғанстанға қайтарған.

Тәжік билігі бірнеше жыл бұрын елге тыйым салынған әдебиетті тасымалдау ережелерін қатайтқан. 2017 жылы Тәжікстан мәдениет министрлігі арнайы рұқсатсыз елге кітап әкелу немесе елден кітап әкетуге тыйым салған. Тәжікстан ІІМ-ге қарасты дін комитеті әкелуге тыйым салынған кітаптар тізімін құрастырған. Биліктің шешімі әлеуметтік желіде сыналып, құқық қорғаушылар да жағдайға алаңдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG